Түркістан қаласында халықаралық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойында автокөлік компрессорлық газ құю станциясы (АГТКС) бар заманауи жол бойы сервистік орталығы ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Азат Абайдилдин, жобаны жүзеге асырған «Компрессорные технологии-3» ЖШС құрылтайшысы Болат Бушанов және сала мамандары қатысты.
Шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жобаның өңір үшін экономикалық және экологиялық маңызы зор екенін атап өтті. Ол Түркістан облысының әкімдігі инвестициялық жобаларға тұрақты түрде қолдау көрсететінін, ал аталған кешен өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға және халықаралық бағыттарда сервистік қызмет сапасын жақсартуға септігін тигізетінін айтты.
Жобаны жүзеге асырған «Компрессорные технологии-3» ЖШС компаниясы. Нысанның басты мақсаты – елімізде экологиялық таза сығылған табиғи газды кеңінен пайдалану үшін автомобильдік газ құю станциялары бар жол бойы сервистік желісін қалыптастыру.
Заманауи кешен еліміздің транзиттік әлеуетінде маңызды орын алатын халықаралық көлік дәлізі бойында орналасқан. Бұл дәліз Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал сияқты ірі қалаларды жалғап, тасымал мен транзитті дамытуда үлкен рөл атқарады. Енді жолаушылар автобустары мен жүк көліктері сапалы әрі тиімді отынды осы орталықтан алуға мүмкіндік алды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жаңа станцияның жобалық қуаты – сағатына 2000-2400 текше метр. Бұл тәулігіне шамамен 250 автокөлікті газбен толтыруға жетеді. Мұнда жүргізушілерге сервистік қызмет көрсетудің заманауи стандарттары сақталады.
Айта кетейік, табиғи газ экологиялық таза әрі экономикалық тұрғыдан тиімділігімен ерекшеленеді. Дәстүрлі бензин және дизельмен салыстырғанда, сығылған табиғи газ отыны көлік шығынын азайтып, атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемін едәуір төмендетеді.
Түркістандағы жаңа автогаз құю станциясының іске қосылуы өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытып, халықаралық транзиттік әлеуетін күшейтеді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және жол бойы сервистік қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Айтқандай, Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді дамуы экономикалық өсімнің негізгі драйверіне айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







