Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Qamqorlyq» орталығының құрылыс барысымен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысына жауапты мамандар жобаның сметалық құжаттамасы, техникалық сипаттамасы және қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жаңа орталықта аутизм спектрі бұзылыстары және психоневрологиялық ерекшеліктері бар балаларға кешенді арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Заманауи жабдықталған орталық бір мезетте 125 баланы қабылдай алады.
Аталған нысанның құрылысы 2025 жылдың 15 шілдесінде басталған болатын. Бүгінде ішкі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қазір нысанның дайындығы 95 пайызға жетті.
Жалпы ауданы 2000 шаршы метр болатын орталықта балалардың кешенді дамуына бағытталған сенсорлық бөлме, ABA-терапия кабинеттері, логопедиялық кабинет, робототехника мен музыкалық терапия бөлмелері, еңбек және шығармашылық шеберханалары жұмыс істейді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай құрылыс сапасын ерекше бақылауда ұстауды және орталықты белгіленген мерзімінен бұрын пайдалануға беруді тапсырды.
Орталық іске қосылғаннан кейін облыс тұрғындарына қызмет көрсететін маңызды әлеуметтік инфрақұрылым нысанына айналады. Қазіргі таңда Маңғыстау облысында мүгедектігі бар 9 мыңға жуық бала тіркелген, оның ішінде 514 бала аутизм спектрі бұзылыстарына шалдыққан.
Күні кеше ғана Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ еңбек адамдарына мемлекеттік наградаларды табыстады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







