Иран футбол федерациясы АҚШ-ты 2026 жылғы әлем чемпионатын өткізушілер қатарынан алып тастауды талап етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Федерация мәлімдемені FIFA президенті Джанни Инфантиноға жолдап, Иран құрамасын турнирден ешкім шығара алмайтынын атап көрсетті.
Иран федерациясы: «Әлем чемпионатынан Иранды шығаруға ешкімнің құқы жоқ. Әлемдік шараның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырған АҚШ сияқты тек атағы бар «алаң иесін» ғана бұл турнирден шығару қажет», – деп мәлімдеді.
Жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп ирандық футболшылардың чемпионатқа баруын олардың өміріне қауіпті деген еді. Бірақ FIFA басшысы Инфантино Трамптың бұған дейін Иран құрамасының қатысуына қарсы емес екенін жеткізген болатын.
2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді. Қазір АҚШ пен Израиль Иранға қарулы шабуыл жасап, Тегеран басшылығына соққы бергеннен кейін Иранның турнирге қатысу мәселесі өткір тұр.
Иран құрамасы 2025 жылдың наурызында әлем чемпионатына жолдама алған. Қатысса, топтық кезеңде Бельгия, Египет және Жаңа Зеландия командаларымен Лос-Анджелес пен Сиэтл қалаларында кездеседі.
Иранда не болып жатыр? Бұған дейін біз президент Трамп Иранға қарсы әскери соққыны соңғы сәтке дейін құпия ұстап келгенін жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







