Егер тұқымды аз сепсеңіз, өнім аз шығады. Ал тым көп ексеңіз, әр көшетті күтіп-баптауға күш пен уақыт жетпейді. Дұрысы қайсы? Көктем келіп, бау-бақша жұмыстарын бастайтын кезеңде осы сұрақ әрбір саяжай иесін мазалайтыны анық. Қазір тұқым, топырақ және басқа да бақшаға қажетті материалдардың бағасы арзан емес. Сондықтан саяжайшылар алдын ала барлық шығынды есептеп, артық затқа ақша жұмсамағаны дұрыс, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тұқымды таңдағанда бірнеше маңызды жайтты ескеру керек. Ең алдымен, өсімдіктің сортына, күтілетін өнім көлеміне, бақшаңыздың аумағына және сақтау мүмкіндігіне назар аударыңыз. Қолда бар тыңайтқыштар мен топырақ мөлшерін бағалау да артық болмайды.
Көбінесе бағбандар тағы бір маңызды факторды – уақытты есепке алмайды. Егер бақшаңыз өте үлкен болып, жүздеген қызанақ көшетін еге алсаңыз да, кейін оларды күтуге уақыт жетпесе, әр бұтадан небәрі 2-3 қызанақ жинап қалуыңыз мүмкін.
Сонымен қатар тұқым таңдағанда олардың сақталу мерзіміне де мән берген жөн. Агроном Ержан Бәкірұлы атап өткендей, ұзақ сақталған тұқымның өнуі нашарлайды. Ең дұрысы – тұқымды өзіңіз дайындаған жөн. Егер дүкеннен алсаңыз, 2025 жылы қапталғанын немесе ең болмаса 2024 жылғы өнімді іздеңіз.
Маманның айтуынша, жоспарланған көшет санынан 20-40 пайызға артық тұқым сепкен абзал. Мысалы, 10 көшет баклажан керек болса, кем дегенде 12-15 тұқым сепкен дұрыс. Себебі күтпеген жағдайдан өсімдіктердің бір бөлігі шықпай қалуы мүмкін. Артық шыққан көшеттерді кейін көршілеріңізбен бөлісуге болады.
Бұрыш пен баклажан
Тәтті бұрыш пен баклажан көптеген тұздалған өнімдердің құрамына кіреді. Ең алдымен, қысқа қанша өнім әзірлейтініңізді, сондай-ақ жаңа және мұздатылған күйде сақтауға мүмкіндігіңіз бар-жоғын анықтап алыңыз.
Орта есеппен төрт адамнан тұратын отбасына 20 бұрыш бұтасы жеткілікті. Ол үшін шамамен 25-30 тұқым себу қажет. Егер үйіңізде ащы тағам ұнататындар болса, қосымша 2-3 бұта ащы бұрыш өсірсеңіз болады (шамамен 5-6 тұқым жеткілікті).
Баклажанды шамамен 10 бұта еккен жөн: 5-еуін бақшаға, 5-еуін жылыжайға. Егер үйіңізде баклажанды аса көп тұтынбаса, 6 бұта (12-15 тұқым) да жетіп қалады.
Қияр мен қызанақ
Қияр – өте өнімді көкөніс. Бір бұтадан мол өнім алуға болады, сондықтан шамамен 15-20 тұқым ексеңіз, одан шыққан 10-15 бұтадан шелек-шелек өнім жинай аласыз.
Қызанақ – тұздауға таптырмас көкөніс. Төрт адамнан тұратын отбасы үшін бақшаға 20-30, жылыжайға 15-20 бұта ексеңіз жеткілікті. Ол үшін шамамен 25-40 және 20-25 тұқым қажет болады.
Орамжапырақ
Орамжапырақ өнімін жертөледе сақтауға немесе ашытуға болады. Бірақ оны өсіруге көп орын мен мол су қажет екенін ескеріңіз – жиі әрі мол суару керек. Орташа бақша үшін 10-20 түп орамжапырақ жеткілікті. Ол үшін 15-20 тұқым сатып алсаңыз жеткілікті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







