Маңғыстау облысында республикалық референдум аясында 261 дауыс беру учаскесі жұмысын бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір бойынша ашылған 261 учаскенің 12-сі – жабық учаскелер. Барлық референдум учаскелері жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:00-де ашылды және кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Жалпы, Маңғыстау облысы бойынша республикалық референдумға қатысу құқығына ие азаматтардың саны – 444 198 адам.
Таңғы уақыт болғанына қарамастан, тұрғындар өздерінің азаматтық ұстанымын білдіру үшін белсенді түрде учаскелерге келіп, дауыс беруде. Бұл өңір халқының маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға бей-жай қарамай, ел болашағы үшін жауапкершілік танытып отырғанының айқын дәлелі.
Дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында референдум учаскелерінде барлық қажетті мүмкіндіктер қарастырылған. Заң талаптарына сай ашық және әділ дауыс беру процесін ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған. Дауыс беру барысын бақылаушылар қадағалап отыр, олар референдумның әділ және ашық өтуіне атсалысуда.
Өңір бойынша ең көп дауыс беру учаскелері Ақтау қаласында орналасқан – 94 учаске. Жаңаөзен қаласында – 41, Мұнайлы ауданында – 42, Бейнеу ауданында – 30, Маңғыстау ауданында – 22, Қарақия ауданында – 18, ал Түпқараған ауданында – 14 дауыс беру учаскесі жұмыс істеуде.
Референдум кезінде облыс тұрғындары еліміздің қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды мәселелер бойынша өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымдарын білдіре алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







