Жамбыл ауданында тұратын үшемнің анасы Шолпан Мамашева республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мыңбаев ауылдық округінің тұрғыны, үлгілі ана Шолпан Бегалықызы жолдасымен бірге сегіз бала тәрбиелеп отыр. Былтыр ол үшем дүниеге әкеліп, көпбалалы аналардың қатарын толықтырған еді. Бала тәрбиесімен қатар шаңырағының берекесін арттырып жүрген Шолпан бүгінгі саяси шараға белсене қатысып, азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетті.
Көпбалалы ана бұл референдумның ел болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Бүгінгі күн еліміз үшін ерекше маңызды. Әрбір азаматтың таңдауы – мемлекеттің дамуына жасалған нақты қадам. Мен де осы жауапкершілікті сезініп, еліміздің болашағы үшін өз таңдауымды жасадым, – деді Шолпан Мамашева.
Жалпы бүгінгі референдумға Жамбыл ауданының тұрғындары жастар, ардагерлер, көпбалалы аналар мен үлгілі отбасылар белсенді қатысуда. Бұл – аудан халқының ел болашағына бейжай қарамай, маңызды шешімдерді қабылдауға жұмыла атсалысып отырғанын аңғартады.
Шолпан Мамашева секілді көпбалалы аналардың саяси шараға белсенді араласуы жас ұрпаққа үлкен үлгі болып, қоғамдағы жауапкершілік пен бірлікті одан әрі нығайта түсері анық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







