Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы таңғы сағат 07:00-де Ақтау қаласындағы №68 дауыс беру учаскесіне барып, жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан референдумға қатысты.
Таңертеңгі ерте уақыт болса да, өңір тұрғындары референдумға белсенділік танытып, учаскелерге келіп, өз таңдауын жасауда. Бұл – маңғыстаулықтардың ел болашағы үшін маңызды шараға ерекше жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.
Өз дауысын бергеннен кейін облыс әкімі референдумның тарихи маңызын атап өтті.
– Бүгін еліміз үшін ерекше күн. Референдум әрбір азаматтың мемлекеттің дамуына тікелей қатысып, өз пікірін білдіруіне мүмкіндік береді. Жаңа Конституция Қазақстанның одан әрі тұрақты дамуына, заң үстемдігі мен әділеттіліктің орнығуына берік негіз болмақ. Сондықтан да әрбір азаматтың белсенділігі мен таңдауы өте маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, бүгін Маңғыстау облысы бойынша 261 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны – 444 198 адам. Барлық учаскелерде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған.
Референдум Амал мерекесімен тұспа-тұс келіп, тұрғындар ұлттық киімдерін киіп, дауыс беру учаскелеріне ерекше мерекелік көңіл-күймен келуде. Бұл да – өңір халқының ерекше азаматтық белсенділігінің айқын көрінісі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







