Алматының Наурызбай ауданында республикалық референдумға 101 жасқа толғалы отырған ғасыр куәгері Кәмилә Қосумаева қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жасы жүзден асса да, Кәмилә апа өз учаскесіне шөбересімен бірге келіп, дауыс беріп, белсенділік танытты.
Кәмилә Қосумаева Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек етіп, ел үшін аянбай тер төккен буынның өкілі. Әжейдің айтуынша, ол өмір бойы мемлекетіміз үшін маңызды шаралардан тыс қалмай, өз таңдауын жасауды азаматтық парызым деп біледі.
«Әрбір адам осындай жауапты сәттерде шет қалмауы керек. Мен үнемі дауыс беруге тырысамын. Елдің болашағына қатысты таңдау жасау – әр азаматтың парызы», – деді Кәмилә әжей.
Ғасыр жасаған әженің сайлау учаскесіне келуі тұрғындар мен комиссия мүшелерін ерекше тебірентіп, олардың құрметіне бөленді. Көпшілік Кәмилә апаның бұл қадамы – аға буынның жастарға үлгі болып, ел алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







