Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдумға қатысты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министр Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №129 сайлау учаскесінде өз дауысын берді.
Аида Балаева жаңа Конституцияны қабылдау елдің дамуындағы маңызды қадам екенін айтты.
«Әр халық, әр мемлекет өзінің даму жолын іздейді. Қазақстан да сол жолдан өтіп келеді. Халықтық Конституцияны қабылдау – әділетті әрі прогрессивті Қазақстанды қалыптастырудың кепілі. Қазақстандықтардың дұрыс таңдау жасайтынына сенемін», – деді Балаева.
Сондай-ақ министр референдум күні азаматтардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Оның пікірінше, халықтың таңертеңнен бастап дауыс беруге қатысуы Қазақстанда ашық қоғамның қалыптасқанын, саяси мәдениеттің өскенін және ел болашағына деген жауапкершіліктің артқанын көрсетеді.
«Ақпараттық алаңға мониторинг жүргізіп отырмыз. Азаматтар таң атқаннан бастап референдумға белсенді қатысып жатқаны қуантады. Қазақстанда ашық, саяси мәдениеті жоғары, өз елінің болашағы үшін жауапкершілікпен қарайтын қоғам қалыптасқаны анық көрінеді. Бүгінгі белсенділік – 2019 жылдан бері Президентіміз жүргізіп келе жатқан саяси реформалардың нақты нәтижесі», – деді вице-премьер.
Еске салсақ, референдумға арналған дауыс беру учаскелері Астана уақыты бойынша таңғы 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







