Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумның экзит-полл қорытындысымен танысып, осыған байланысты өз мәлімдемесін жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазмедиа орталығында» экзит-полл нәтижесі таныстырылғаннан кейін Мемлекет басшысы тарихи күн екендігін ерекше атап өтті.
– Бүгін Қазақстан үшін тарихи күн! Азаматтарымыз конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді қатысты. Бұл – еліміздің болашағы үшін жасалған маңызды қадам. Жаңа ғана экзит-полл нәтижелері жарияланды. Қазақ елі өзінің тарихи таңдауын жасады.
Барша халыққа алғысым шексіз. Азаматтарымыздың отаншылдығы айқын көрінді. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні ретінде атап өтетін боламыз. Себебі халқымыз жаңару мен жаңғыруға дауыс берді. Бұл – баршамыздың ортақ жетістігіміз. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жалпыұлттық референдум ашық әрі әділ өтті, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да растап отыр.
– Азаматтар жасаған таңдаудың ресми қорытындысын Орталық референдум комиссиясы жариялайды. Дегенмен, қазірдің өзінде халқымыздың ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің керемет үлгісін көрсеткенін сенімді түрде айта аламыз. Көпшілік азаматтар Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау жолын таңдады.
Бұл жол бізді үлкен жетістіктерге жеткізеді. Дауыс беру көрсеткіші бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейге жетті. Барша сайлаушыларға алғыс айтамын! Қазақ қоғамы өзінің жоғары саяси мәдениетін бүкіл әлемге көрсетті. Ел қуаты – бірлікте. Бірлігіміз жарасса, өркендеп дамимыз. Бізге достық пен сабырлық, жасампаздық пен еңбекқорлық ауадай қажет. Сонда ғана дамыған, бәсекеге қабілетті ел боламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендіктің берік тірегі, адам құқығы мен бостандығының сенімді кепілі.
– Жаңа Конституция – еліміздің темірқазығы. Бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Халқымыз өзгерістерді толық қолдайды. Ортақ мақсатқа бірге жетіп, келер ұрпаққа озық, өркениетті Қазақстанды аманат етеміз деп сенемін. Әсіресе, жастардың белсенділігі қуантты. Жастарымызға мың алғыс! Тәуелсіздігіміз мәңгі, еліміз аман болсын! Жаңа Конституциямыз құтты болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Таяуда Президент соңғы екі аптада әлем қауымдастығы өмірдің қаншалықты қауіпті, күтпеген әрі «турбулентті» бола түскені жайында айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







