Қазіргі уақытта гаджеттер, компьютерлер, қашықтан жұмыс істеу және оқу сияқты факторлардың кесірінен көзіміздің көру қабілеті тез нашарлайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көз ауруын витаминдер мен сәбіз арқылы түбегейлі шешу мүмкін емес. Бірақ олар көзімізге қосымша қолдау болатыны анық. Көз дәрігерлері көздің саулығын сақтап, көру қабілетін жақсарту үшін қажетті дәрумендер мен микроэлементтер туралы тілшілерімізге айтып берді.
Лютеин
Мамандар лютеин пигменті көру өткірлігіне тікелей әсер ететінін алға тартты. Лютеин көздің тор қабығына жиналып, көзге түскен зиянды ультракүлгін сәулелердің 40 пайызға дейінін ұстай алады. Сонымен қатар ол көз ішіндегі қан тамырларын жақсартып, қараңғыда және ымыртта көру қабілетін жақсартатын мүмкіндігі бар екен.
Лютеин шпинат пен қаражидекте көп кездеседі. Сондай-ақ брокколи, брюссель қырыққабаты, қарақат, қызанақ, сәбіз, асқабақ және кәдіде де жеткілікті мөлшерде бар. Лютеин жақсы сіңуі үшін аталған өнімдерді жеңіл термиялық өңдеуден өткізген дұрыс.
Зеаксантин
Бұл каротиноидтер тобына жататын зат, лютеин сияқты көздің тор қабығының дұрыс жұмыс істеуі үшін өте қажет.
А дәрумені және бета-каротин А дәрумені мен бета-каротин көздің мүйізгек қабатын ылғалдандырып, көз торының пигмент құрамына кіреді. Бұл дәрумендер жетіспеген кезде адам қараңғыда нашар көретін «тауық соқырлығы» пайда болады.
А дәрумені көп мөлшерде жұмыртқаның сарысында және сары майда кездеседі. Ал бета-каротинге бай өнімдер сәбіз сияқты қызғылт-сары түсті көкөністер мен жемістерде бар. Мамандардың айтуынша, А дәрумені майда ериді, сондықтан сәбізден жасалған салатты өсімдік майымен немесе қаймақпен тұтынған жөн.
Е дәрумені Бұл дәрумен көз ішіндегі қысымды реттеп, тор қабық пен көздің нұрлы қабатының өзгеруінің алдын алады және көз ісігінің дамуына қарсы тұрады.
Е дәруменіне ең бай өнімдер – өнген бидай дәндері, жаңғақтар, тазартылмаған өсімдік майы, авокадо және шпинат. Е дәрумені де майда ериді.
Мырыш
Бұл микроэлемент көз бұршағының ерте қартаюын болдырмайды. Сондай-ақ, көзге пайдалы А және Е дәрумендерінің дұрыс сіңуі үшін де қажет.
Мырыш жетіспеушілігін болдырмау үшін күнжіт, грек жаңғағы, басқа да жаңғақ түрлерін, сиыр етін, жержаңғақ, бұршақ тұқымдастар мен жұмыртқаны тағамға қосып отыру керек.
Омега-3 және Омега-6
Бұл полиқанықпаған май қышқылдары бета-каротиннен А дәруменін синтездеуге қатысып, көздің мүйізгек қабығының құрғауы мен катарактаның дамуын болдырмайды.
Омега-3 және Омега-6 май қышқылдары майлы теңіз балықтарында (албырт, майшабақ, скумбрия), зығыр майында, күнбағыс дәндері мен жаңғақтарда көп кездеседі.
Айтпақшы, бет терісінің жастығын сақтау үшін А, Е және С дәрумендерін тұрақты түрде қабылдаған жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







