Көлік министрлігі ақылы жолдарда төлем тәртібін жеңілдететін жаңа ережелерді бекітті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақылы жол қалай төленеді? Енді жүргізушілер ақылы жолмен өткен күннен бастап бір ай ішінде ешқандай айыппұлсыз төлем жасай алады. Бұған дейін жеті күн ішінде ақысы төленбесе, сегізінші күннен бастап материалдар бірден көліктік бақылау органдарына жолданып, әкімшілік жауапқа тартылатын.
Жаңа тәртіп бойынша, жеке тұлға жол ақысын 30 күн ішінде төлемесе ғана, 31-күні құжаттар құзырлы органдарға жіберіледі.
Сонымен қатар, жаңа ереже жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізеді. Заңды тұлғалар жол ақысын есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлеуі тиіс. Уақытында төленбеген жағдайда келесі күні материалдар көліктік бақылауға беріледі.
Өзгерістер жүргізушілердің ақылы жол ақысын төлеуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жаңа ереже ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң күшіне енеді.
Айта кетелік, бұған дейін біз еліміздегі ақылы жолдар былтыр бюджетке 79 млрд теңге табыс әкелгенін жазғанбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







