Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстанда әуе қатынасы күшейеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
16-29 наурыз аралығында Air Astana мен FlyArystan әуе компаниялары жолаушылар сұранысы жоғары бағыттарда 146 қосымша рейсті іске қосады. Алматы–Астана бағытындағы рейстер саны бірден 80-ге артады.
Қосымша әуе қатынасы Алматы, Астана, Ақтаудан Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Өскемен және Орал бағыттарына да жоспарланған.
SCAT әуе компаниясы да мереке күндері рейстерін көбейтеді. 19-21 наурыз күндері Алматы–Астана бағытында бес, Шымкент–Ақтау бағытында бір қосымша рейс аттанады. Ал 23-26 наурыз аралығында Алматы–Астана бағытына тағы төрт, бұған қоса Шымкент–Астана және Ақтау–Астана бағыттарына бір-бірден қосымша рейс орындалады.
Жалпы алғанда, мерекелік күндерде Қазақстан бойынша шамамен 160 қосымша рейс жоспарланып отыр. Әуе тасымалының көбеюі бағыттардағы жүктемені азайтып, жолаушылардың жол жүруін жеңілдетеді деп күтілуде.
Еске сала кетсек, бұған дейін Наурыз мейрамына орай қосымша пойыздар шығарылып, ел тұрғындарына теміржолда 35 мыңдай қосымша орын ұсынылатынын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







