Белгілі заңгер Айман Омарова еліміздегі саяси жүйенің астарлы тұстарына қатысты ойын ортаға салды. Ол экс-резидент Назарбаевтың референдум кезінде көрінуіне күмәнмен қарап отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта кімнің вице-президент болатына қатысты ойын да ортаға салды, де жазады Ertenmedia.kz.
Әлемжеліде Конституцияны өз ыңғайына жиі өзгерткен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың референдумда дауыс беріп жатқан видеосы тарады. Не үшін дауыс бергені, әрине, белгісіз.
Менің ойымша, бұл оның атақты «көпвекторлық» саясатын сынауы секілді. Ол кісі ертең-ақ, «қарсы дауыс бердім» деп шығуы ғажап емес. Немесе бюллетеньді бүлдірдім деп айтуы ықтимал. Әділдігін айтсақ, атамыз осы уақытқа дейін бюллетеньнен де үлкен дүниелерді бүлдіргенін білеміз. Мүмкін, тағы бір жаңа саяси импровизация ойластырып жүруі де мүмкін ғой.
Мені алаңдатқаны оның саяси көкжиекте қайта көрінуі аласапыран заманды еске салды. Халықта «кәрі ат соқаны сындырмайды» деген сөз бар. Рас сөз. Бірақ ол жерді терең жырта да алмайтынын да естен шығармаған абзал.
Қазір бәрі бір сұрақтың жауабын іздеп жүр. Вице-президент кім болады? «Біз таңдамаған соң, бізге пікір айту орынсыз» деуі мүмкін кейбіреулер. Бірақ өзін-өзі алдаудың да қажеті қанша?
Бұл мәселеге қатысты үш ойым бар. Біріншісі, меніңше, вице-президент «алма ағашынан алыс түспейтін алма» секілді Назарбаевтың жақтастарының бірі болуы ықтимал.
Екіншісі, «әмбебап сарбаз» пайда болуы ықтимал. Ақордаға да, ескі гвардияға да, өздерін «элита» деп атаған топтарға да адал біреу. Сол баяғы активтерді заңды түрде шетелге шығарғандардың арасынан шығуы мүмкін.
Үшіншісі және ең бастысы – біз ол вице-президентті сайламаймыз. Бұл демократияның емес, президент таңдауының көрінісі. Әрине, ол бізден жақсырақ біледі. Бірақ оның да қателесуге қақысы бар.
Дәл осы жерде мемлекет үшін үлкен қауіп жатыр. Назарбаев өзі мұрагерлікке ұмтылады, болмаса «Троя аты» секілді билікке өзінен кейінгілерді алып келуі ықтимал. Біздің саяси элита үшін адам құқығы мен заңнан гөрі амбиция қашанда маңызды екенін жақсы білеміз.
Контекст
Қазір біздің шындығымызға қарап, биліктегі тепе-теңдіктің маңызын түсінесің.
Біздің саяси жүйенің ирониясы, бір кездері Елбасына адалдық танытқан адамдар, билік ауысқанда оны бірінші болып сатып кетті. Енді қазіргі президентке де солай адал болып жүр. Ертеңгі билеушіге де дәл солай адал болатынына сенімдімін. Адалдық тез бұзылатын тауар.
– Билікті кез келген жолмен алу керек, – деді маған бір шенеунік.
Мен ештеңе білмейтін адамдай кейіп таныттым. Ол мені ҚР Қылмыстық кодексінен басқа ештеңе оқымаған деп ойлап қалғаны анық.
Әркімнің өз таңдауы бар. Мен басқа кітаптарды таңдаймын. Өз-өзіммен келісімде өмір сүру үшін. Бірақ Макиавеллидің «Патша» еңбегі де сөре үстінде тұр. Кіммен бетпе-бет келіп жүргенімізді еске салып тұрсын.
Айман ОМАРОВА, заңгер
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







