Қазақстанда 2026 жылы көлік тізгінінде отырып ұялы телефон пайдаланған жүргізушіге 5 АЕК көлемінде, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қолданыстағы тәртіпке сай, телефонды тек hands-free жүйесі арқылы пайдалануға рұқсат етіледі. Өзге жағдайда жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
12 наурыздан бастап мұндай құқық бұзушылықты тек полиция қызметкерлері ғана емес, жол бойындағы автоматты камералар да тіркей бастады. Осылайша, рөл үстіндегі телефон енді көзге түспей қалатын ұсақ тәртіп бұзушылық саналмайды.
Елдегі жиі кездесетін заңбұзудың бірі қауіпсіздік белдігін тақпау болып отыр. Мұндай әрекетке де 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл қаралған. Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, белдік жүргізушіге де, жолаушыға да міндетті.
Ал бағдаршамның тыйым салатын белгісіне немесе реттеушінің тоқтау пәрменіне бағынбау анағұрлым қымбатқа түседі. Мұндай жағдайда 10 АЕК, яғни 43 250 теңге айыппұл салынады. Егер дәл осы тәртіп бұзу бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 15 АЕК-ке дейін өсіп, 64 875 теңгеге жетеді.
Әкімшілік айыппұлды 7 күн ішінде төлеген адамға 50 пайыздық жеңілдік беріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







