Соңғы жылдары қазақтың ұлттық киіміне деген қызығушылық айқын байқалады. Әсіресе Наурыз мейрамы жақындаған сайын дәстүрлі шапан киіп, оюлы камзолмен сән көрсеткен жандар көбейіп келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы үрдіс аясында өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері құрақ өнерін өмірінің мәніне айналдырған шебер Айсұлу Қожаеваның шеберханасында болды.
Айсұлу Қожаева тігін өнеріне бала кезінен жақын. Жастайынан көрпе тігіп, әдемі бұйымдар жасауды армандағанымен, күнделікті тіршілік қамы оған бұл істі ерте бастауға мүмкіндік бермеген. Сүйікті ісіне ол тек зейнетке шыққан соң қайта оралған.
Алғашында құрақ тігу Айсұлу үшін жан тыныштығын табатын қарапайым хобби болған. Уақыт өте келе бұл іс үлкен шығармашылық жолға айналып, өзі сияқты қызығатын жандарға үйрететін деңгейге жеткен.
Қазір оның қолынан шыққан бұйымдар тек тұрмыстық қажеттілік емес, ұлттық мәдениеттің жаңғырып келе жатқан бір көрінісі саналады. Қазақы нақыштағы киімдер мен қолөнер бұйымдарына сұраныс артып, жәрмеңкелерде жақсы өтіп жатыр. Сатып алушылар дәстүрлі дүниелерге бет бұра бастаған.
Шебер шапандарды толықтай қолмен тігеді. Бір бұйымды дайындауға шамамен бір ай уақыт кетеді. Әр ою-өрнек алдын ала қағазға түсіріліп, кейін матаға көшіріледі. Тігін машинасы арқылы өңделген әрбір бөлшек авторлық көзқараспен үйлестіріледі.
Киімнен бөлек, Айсұлу көрпе, жапқыш, жастық сияқты бұйымдарды да дайындайды. Бұл жұмыс аса мұқияттылықты талап етеді. Әрбір мата қиындысы түсіне қарай таңдалып, қолмен қиылып, бір композицияға біріктіріледі. Нәтижесінде әженің сандығынан шыққандай әсер қалдыратын ерекше дүниелер пайда болады.
Шебер үшін бұл кәсіп тек табыс көзі емес. Ол шығармашылықты ішкі тыныштықтың, рухани тепе-теңдіктің бастауы деп қабылдайды. Ұзақ уақыт қолына ине ұстамаса, көңілі алаңдайтынын, ал жаңа бұйым жасағанда ерекше серпіліс сезінетінін айтады.
Алматыдағы Оқушылар сарайында Айсұлу қыздарға арналған үйірме ашқан. Мұнда жасөспірімдер сөмке, қобдиша секілді шағын бұйымдар тігіп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын меңгереді. Осы арқылы дәстүр үзілмей, келесі буынға жалғасып келеді.
Наурыз қарсаңында ұлттық киімге сұраныстың артуы кездейсоқ құбылыс емес. Қолмен жасалған бұйым тек эстетикалық мәнге ие емес, ол шебердің еңбегі мен ниетін де жеткізеді. Қолөнер иелері мұндай дүниелер иесіне береке мен жылылық сыйлайды деп есептейді.
Құрақ өнері арқылы жаңғырып жатқан ұлттық болмыс – бүгінгі қоғамда өзінің орнын қайта тапқан құндылықтардың бірі.
Алматыда Наурыз мерекесі қарсаңында ерекше оқиға болды: Almaty Arena-да 11 мыңнан астам жас домбырашы қатысқан ірі флешмоб өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







