Қазақстандық кәсіпкер, экономист Ерлан Тәжібаев алдағы екі тәулік ішінде доллар сатып алуға тиімді мүмкіндік туып тұрғанын ескертті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, дәл қазір нарық «салықтық қысымның» шарықтау шегінде тұр. 20 наурызға дейін экспорттаушы компаниялар қосылған құн салығы (ҚҚС) мен акциздерді төлеу үшін долларды жаппай сатуға мәжбүр. Ал айдың соңына қарай корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша декларация өткізу мерзімі келеді. Осындай маусымдық қысым салдарынан нарықта уақытша доллар артықшылығы туындап, бағам жасанды түрде төмендеп отыр.
«Қазіргі уақытта экспорттаушылар арзан валюта ұсынып, теңгеге деген сұраныс күрт артқан. Банктер мен корпорациялар мемлекет алдындағы міндеттемелерді өтеу үшін теңгені іздеп, нарықтан түгел жинап жатыр. Доллар қажетсіз жүк, одан кез келген бағамен құтылуға дайын», – дейді Тәжібаев.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдай экономикадағы тұрақты тенденция емес, уақытша құбылыс. Сондықтан салық аптасы аяқталып, мерекеден кейін нарық бұрынғы қалпына келіп, доллар қайтадан көтеріле бастайды.
«Қазір нарық тым арзан болып тұр. Салық аптасындағы доллар бағамының төмендігі сатып алушыларға тиімді мүмкіндік. Осы 48 сағат ішінде долларды бөліп-бөліп сатып алу дұрыс шешім. Өйткені мерекеден соң, 31 наурызға қарай нарықта доллар тапшылығы қайта пайда болып, теңге әлсіреуі әбден мүмкін», – деп болжайды сарапшы.
Тәжібаевтың есебінше…
Қазіргі жоғары пайыздық ставкілер (TONIA 17%-дан асып кетті) нарықтағы теңге тапшылығын көрсетеді. Банктер мен ірі корпорациялар шағын ойыншыларды нарықтан ығыстырып, бағамды қолдан төмендеткен. Бұл салық төлеуге байланысты техникалық фактор, нақты экономикадағы өзгеріс емес.
Сарапшы еске салғандай, Ресейде доллар бағамы қазірдің өзінде 82 рубльден асқан. Ресей мен Қазақстан арасындағы теңгерімді есепке алсақ, нақты экономикалық көрсеткіш бойынша доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 451 теңге төңірегінде болуы тиіс. Яғни, қазіргі төмен бағам ұзақ мерзімге созылмайды.
«Наурыз мерекесінен кейін біз классикалық түрде «өлі мысықтың секірісін» көреміз. Төмен бағаммен кейінге қалдырылған импорттық сатып алулар қайта іске қосылып, доллар бұрынғы жоғары деңгейлерге қайта оралады», – деді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары деңгейде сақталса, теңгенің нығаюына біршама ықпал етуі мүмкін. Бірақ қазіргі уақытша арзан бағам теңгенің фундаменталды күш алғанын емес, салық мерзіміне байланысты уақытша нарықтық ауытқу екенін айғақтайды.
Айта кетейік, Ұлттық банктің бүгінгі ресми бағамы бір доллар үшін 479,02 теңге. Ал 1 наурызда бұл көрсеткіш 497,56 теңге болған еді. Brent маркалы мұнайдың баррелі биржада қазір 103,55 доллардан сатылып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







