Қазақстанда қаржы және әлеуметтік салаға қатысты резонансты қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды. Бұл іс екі бұрынғы вице-министр мен «Бірінші кредиттік бюроның» басшысын қамтиды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Журналист Михаил Казачковтың айтуынша, бұл оқиға өткен жылдың жазында басталған. Сол кезде «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Руслан Омаров ұсталып, онымен бірге бұрынғы вице-министрлер Дәулет Арғандықов пен Ақмади Сарбасовқа қатысты тергеу жүргізілген.
Тергеу нұсқасы бойынша, Омаров шенеуніктерге 75 мың доллар көлемінде қаражат тапсырған. Бұл қаражат «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» мен жеке компания арасындағы келісімдер аясындағы заңсыз әрекеттермен байланысты болған.
Казачковтың пікірінше, мәселенің түп-төркіні деректерге қол жеткізу мен қаржылық артықшылықта жатыр. Аталған орталық Қазақстан азаматтарының табысы туралы мәліметтерді жинайды, ал бұл ақпарат банктер үшін клиенттің төлем қабілетін бағалауда маңызды рөл атқарған.
Ресми түрде бұл деректер «Бірінші кредиттік бюро» мен Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы беріледі. Алайда тергеу мәліметтері бойынша, жеке компанияға артықшылық берілген. «Арғандықов 2020 жылы заңсыз келісім жасап, жеке бюроға табыстың 35 пайызын алуға мүмкіндік берген. Ал мемлекеттік құрылым небәрі 30 пайызбен шектелген», – дейді Казачков.
Сонымен қатар тергеу барысында тағы бір маңызды жайт анықталған. Ақпараттық жүйеде әдейі зиянды бағдарлама орнатылып, мемлекеттік бюроның жұмысы баяулатылған. Нәтижесінде клиенттер жылдам қызмет көрсететін жеке компанияға жүгінуге мәжбүр болған.
Ақмади Сарбасов бұл қызметке кейін келіп, бұрынғы келісімдерді жалғастырған. Тергеу нұсқасы бойынша, оған берілген ақша осы әрекеттер үшін төленген. Казачковтың айтуынша, іс бойынша барлық негізгі айыптар тағылған. Сарбасовқа пара алу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, Арғандықовқа – қызметтік заңбұзушылық, пара беру және зиянды бағдарлама орнату, ал Омаровқа – пара беру мен қылмыстық әрекетке қатысу айыптары тағылған.
Құқық қорғау органдарының бағалауынша, мемлекетке келтірілген жалпы залал шамамен 2 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда күдіктілердің 1 млрд теңгеге жуық мүлкі тәркіленген.
Казачковтың пікірінше, бұл іс тек жеке тұлғалардың әрекеті емес, жүйелік мәселелерді де көрсетеді. «Әңгіме бір келісімде емес, ақпараттық жүйелер арқылы бәсекелестікті бұрмалауда жатыр», – дейді ол. Іс енді сотта қаралады. Оның нәтижесі қаржы секторындағы ашықтық пен мемлекеттік деректердің қауіпсіздігі мәселесіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Осыған дейін тілшілеріміз жемқорлық дауына ілінген экс вице-министрлер Президент көмекшісі Тамара Дүйсенованың командасында істегенін жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







