Алматы облысында Абай күніне арналған мәдени-ағартушылық шаралар ұйымдастырылып, Қонаев қаласында ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай өңірде 300-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қонаев қаласындағы тағзым рәсіміне қала әкімі Асхат Бердіханов, ақын-жазушылар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты. Жиналғандар қазақ руханиятының темірқазығына айналған Абай мұрасын еске алып, ақын ескерткішіне гүл қойды.
Абай күні Алматы облысының бірнеше ауданында әдебиет пен өнерді, ағартушылық пен ұлттық құндылықтарды сабақтастырған мазмұнды бағдарламамен жалғасты. Қонаевтан бастап Қарасай, Іле, Талғар, Кеген және өзге аудандарда әдеби кеш, көрме, дәріс, Абай оқулары, фильм көрсетілімі мен шығармашылық кездесу өтті.
Өңірде жоспарланған 300-ден астам шараның 47-сі облыстық және аудандық деңгейде ұйымдастырылды. Олардың басты мақсаты ақынды еске алумен шектелмей, Абай көтерген білім, еңбек, әділет, ар-ұят және адамгершілік мәселелерін бүгінгі ұрпақтың дүниетанымымен сабақтастыруға бағытталды.

Кеген ауданында «Абай әндері» фильмі көрсетіліп, көрерменге ақынның музыкалық мұрасы таныстырылды. Қарасай ауданындағы «Абай мұрасы – мәңгілік қазына» шарасы хакімнің шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттауға арналды.
Жаңалық ауылында Абайдың ұлы Ақылбайға арналған көрме ұйымдастырылып, ақын әулетінің әдеби мұрасы кеңінен таныстырылды. Іле мен Талғар аудандарында да әдеби-танымдық кездесулер өтіп, мектеп оқушылары мен жастар Абай шығармаларын оқып, оның қара сөздері төңірегінде пікір алмасты.
Абай мұрасының өміршеңдігі оның бір дәуірдің мәселесін ғана көтермеуінде. Ақын адам мінезін, қоғамның кемшілігін, білімсіздік пен жалқаулықтың зардабын терең талдады. Талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақымды «бес асыл іс» деп танып, өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік пен бекер мал шашуды адамды кейін тартатын «бес дұшпан» ретінде көрсетті.
Осы ойлар бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ. Қоғам жаңарып, технология өзгергенімен, адамның білімге ұмтылысы, адал еңбек етуі, жауапкершілігі мен ар-ұяты бұрынғыдай негізгі құндылық болып қала береді.

Абайды оқу – өткенді тану ғана емес, бүгінгі қоғамға сын көзбен қарау. Абайды түсіну – адамның өзін тануына бастайтын жол. Ал Абайды ардақтау – ұлттың рухани жады мен мәдени сабақтастығын ұлықтау.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







