Рудный қаласының тұрғыны Эдуард Гадульшин 11-шағынауданда Кеңес одағын еске салатын Еңбек даңқы паркін салуға қарсылық танытып, ресми петиция жариялады. Ол ескі өндірістік техникалар қойылған ашық аспан астындағы музейдің орнына тұрғындарға арналған жасыл әрі заманауи демалыс кеңістігін құруды ұсынады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала әкімдігі аталған аумақта Рудныйдың өндірістік тарихын көрсететін парк салуды жоспарлапты. Жобада биіктігі 14 метрге жететін экскаватор, ауыр бульдозер және карьерлік самосвал секілді техниканы ашық аспан астына орналастырмақыш екен. Бастама қаланың кен өндіру саласындағы еңбек жолын танытатын көрнекі орын ретінде ұсынылса керек.
Эдуард Гадульшин Рудныйдың өндірістік тарихын жоққа шығармайтынын, бірақ мұндай техникаға қаланың басқа аумағынан орын табуға болатынын айтты. Оның пікірінше, жаңа тұрғын үйлер салынып жатқан 11-шағынауданға серуендейтін, тынығатын және балалармен уақыт өткізетін саябақ қажет. Қала тұрғыны карьер техникасымен қоршалған аллея халықтың күнделікті қажеттілігін өтей алмайтынын тілге тиек етті.
Петиция авторы бос жатқан аумақтан көгалдандырылған шағын парк жасауды ұсынған. Онда тоған, тынығу аймақтары, жаяу жүргінші жолдары, жарықтандыру және тұрғындардың жас ерекшелігіне қарай бөлінген кеңістіктер болуы керек. Оның ойынша, жаңа ауданға өткеннің экспонатынан бұрын қазіргі тұрғынға қызмет ететін жайлы орта қажет.
Қарсылықтың бір ұшы жобаның эстетикалық мазмұнына да тіреледі. Гадульшин Кеңес заманындағы тозған карьер техникаларын тұрғын үйлер арасына қоюды сәтсіз шешім деп бағалап отыр. Тіпті ол бұл бастаманы кеңестік индустриялық символикаға қайта оралу деп қабылдайтынын да жасырмады.
Ескі техника, ескі сана
Қалыптасқан дау екі түрлі ұстанымды беттестіріп отыр. Бір тарап кеншілер қаласының тарихын ауыр техника арқылы дәріптеуді көздесе, екінші тарап жаңа шағынауданға көбірек ағаш, су айдыны және жайлы қоғамдық кеңістік қажет екенін айтуда.
Рудный қаласындағы 11-ші шағынауданның бұрын таныстырылған егжей-тегжейлі жоспарында мектеп, емхана, спорт кешені, сауда орталығы және жасыл аумақ құру қарастырылған. Жоспарды таныстырған мамандар тұрғындарға арналған парк, балалар алаңы, демалыс аймағы мен субұрқақ орналастыру мүмкіндігі бар екенін де айтқан. Осы себепті тұрғындардың жасыл парк туралы талабы ауданның бастапқы даму тұжырымдамасына мүлде қайшы келмейді.
Петицияны ресми платформада көпшілікке ашық жариялау үшін алғашқы кезеңде кемінде 50 Қазақстан азаматы қолдауы қажет. Қолданыстағы тәртіп бойынша бұл қолдау 20 жұмыс күні ішінде электронды түрде және немесе жазбаша нысанда жинала алады. Демек, электронды цифрлық қолтаңбасы жоқ тұрғындардың қолын бекітілген талапқа сай қағаз жүзінде жинауға да заң мүмкіндік береді.
Электронды дауыс беру кезінде азаматтың жеке басы цифрлық құрал арқылы расталады. Гадульшин платформаны пайдалану көп адамға күрделі екенін айтып, қол жинауға көмектесетін еріктілерді іздейтінін мәлімдеді. Ол тұрғындарды петицияның мазмұнымен танысып, қоғамдық кеңістіктің болашағын талқылауға белсенді қатысуға шақырды.
Рудныйдың тарихы кеншілер мен алып техникалардан ажырамас анық. Алайда қаланың келешегі балалар ойнайтын, адамдар серуендейтін және тұрғындар тыныстайтын жасыл кеңістікпен де өлшенетінін естен шығармаған абзал. Петицияның түпкі талабы – адамның бүгінгі өміріне арналған орын советтік темір экспонаттардың көлеңкесінде қалдырмауды көздейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







