Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде шетелдік әртістердің, спортшылардың және өзге де танымал тұлғалардың бейнесі мен дауысын пайдаланған дипфейктердің жаңа толқыны байқалды. Жалған бейнероликтерде елдегі көші-қон режимі күшейтілді деген шындыққа жанаспайтын мәлімет таралып, қолданушыларды эмоциялық реакция арқылы адастыру көзделген, – деп жазады Ertenmedia.kz.
JAQ. OrtCom орталығының мәліметінше, арандатушылық сипаттағы роликтер жасанды интеллект көмегімен әзірленген. Бейнежазбада танымал адамның түрі, дауыс ырғағы мен сөйлеу мәнері қолданылғанымен, айтылған сөздердің шынайы тұлғаға қатысы жоқ.
Дипфейк технологиясы адамның бейнесін, бет қимылын немесе дауысын цифрлық жолмен көшіріп, оған бұрын айтпаған сөзді айтқызуға мүмкіндік береді. Мұндай контенттің қауіптілігі сапасының артуымен байланысты. Кей ролик шынайы сұхбаттан немесе жаңалық сюжетінің үзіндісінен айыру қиын деңгейде жасалады.
Орталықтың бағалауынша, ақпараттық шабуылдың мақсаты Қазақстан мен көршілес мемлекеттер туралы жағымсыз түсінік қалыптастырумен шектелмейді. Арандатушылар әлеуметтік желі қолданушыларын жалған ақпаратты өз еркімен бөлісетін таратушыға айналдыруға тырысады. Эмоцияға құрылған айыптау, үрей туғызатын тақырып және танымал адамның беделі фейктің жылдам таралуына жағдай жасайды.
Күмәнді бейнероликті көргенде ең алдымен оның қай парақшада жарияланғанына назар аудару қажет. Танымал тұлғаның ресми аккаунтында немесе сенімді ақпарат құралында мұндай мәлімдеме болмаса, роликті бөлісуге асықпаған жөн. Дауыс пен ерін қимылының сәйкес келмеуі, бет әлпетіндегі жасанды қозғалыс, бұлыңғыр жиек, өзгеріп тұратын тері реңкі және табиғи емес кідіріс те цифрлық өңдеудің белгісі болуы мүмкін.
Алайда көзге көрінетін ақаудың болмауы бейненің шынайылығын дәлелдемейді. Қазіргі генеративті модельдер мұндай кемшіліктің көбін жасыра алады. Сондықтан видеода айтылған деректі мемлекеттік органның, ресми тұлғаның немесе бастапқы ақпарат көзінің парақшасынан бөлек тексеру маңызды.
Күмәнді фото, бейне және аудионы бастапқы сараптаудан өткізуге арналған Hive Detect, Sensity AI және Reality Defender секілді платформалар бар. Hive кескін, бейне мен дыбыстағы синтетикалық өңдеу белгілерін іздесе, Sensity визуалдық іздерді, файл құрылымын, метадерек пен аудиосигналды қатар талдайды.
Дегенмен мұндай сервис түпкілікті сараптаманың орнына жүрмейді. 2026 жылы жарияланған салыстырмалы зерттеу ашық қолжетімді автоматтандырылған детекторлардың жалған оң және жалған теріс қорытынды беруі мүмкін екенін көрсетті. Зерттеуде кәсіби мамандардың кешенді бағалауы автоматты құралдардың нәтижесінен сенімдірек болған.
Сондықтан детектордың «жасанды» немесе «шынайы» деген бір ғана бағасына сүйену дұрыс емес. Контенттің түпнұсқа жарияланған уақытын, авторын, мәтіндік мазмұнын және өзге сенімді дереккөздердегі мәліметті қатар салыстыру қажет.
Ақпараттық арандатудың өміршеңдігі оны қанша адамның тексермей бөліскеніне байланысты. Күмәнді роликті таратпау, ресми дерекпен салыстыру және әлеуметтік желі әкімшілігіне шағымдану жалған ақпараттың ауқымын шектейтін ең қарапайым әрі тиімді қадам саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







