Батыс Қазақстан облысында Наурыз мерекесі қарсаңында 43 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Орал қаласында өткен салтанатты шарада пәтер кілттерін облыс әкімі Нариман Төреғалиев табыстады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы тұрғын үймен қамту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– 2023 жылдан бері облыста тұрғын үй құрылысына 63 млрд теңге бөлініп, 3698 пәтер пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда ауылдық жерлердің өзінде 1733 отбасы баспаналы болды. Жаңа үй – әр отбасы үшін жаңа өмірдің бастауы, – деді әкім.
Қазіргі таңда Орал қаласында тұрғын үй кезегінде 27 мыңнан астам азамат тіркелген. Биыл әлеуметтік осал топтарға 200 пәтер беру жоспарланған. Сонымен қатар несиелік негізде 1000 пәтер ұсынылады.

Қазірдің өзінде 370 пәтерлік үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, оларды бөлу үшін конкурс рәсімдері жүргізілуде. Бұдан бөлек тағы 248 пәтерді қамтитын екі үй пайдалануға дайын.
Жаңа пәтерлер Орал қаласының Ақжайық шағынауданынан берілді. Бұл аумақта соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын алып, әлеуметтік нысандар саны артқан.
Жалпы, өңірде тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







