Жетісу облысында Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтіп, өңірдің барлық аудан-қалаларын қамтыды. Биылғы мереке дәстүрлі мазмұнымен қатар, заманауи технологиялармен ұштасқан ерекше форматымен есте қалды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Талдықорған қаласындағы орталық алаңда «Наурыз ауылы» құрылып, ұлттық нақыштағы киіз үйлер тігіліп, тұрғындарға қазақы рухтағы кеңістік ұсынылды. Бұл жолы мерекенің басты ерекшелігі – цифрлық киіз үйдің ашылуы болды. Мұнда келушілер өңірде жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалармен танысып, жаңа технологиялардың мүмкіндігін көзбен көрді.
Цифрлық алаңда қонақтарды жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін гуманоид робот қарсы алды. Ол Наурызбен құттықтап қана қоймай, Қара жорға биін орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар робот-ит пен басқа да интеллектуалды құрылғылар көрсетіліп, олардың қауіпсіздік, патрульдеу және қызмет көрсету салаларындағы мүмкіндігі таныстырылды.
Тағы бір жаңашылдық – дрон арқылы бауырсақ жеткізу болды. Бұл көрініс дәстүрлі тағам мен заманауи технологияның үйлесімін көрсеткен символикалық қадамға айналды.

«Білім мен ғылым» киіз үйінде 3D принтер, робот-спортшылар мен интерактивті жүйелер ұсынылды. Ал «Мәдениет» киіз үйінде ұлттық суреттер жасанды интеллект көмегімен жандандырылып, тарихи тұлғалар туралы деректер ұсынылды. «Ата Заң ауылы» аясында Конституция тақырыбы мен мерейтойлық тұлғаларға арналған арнайы экспозициялар ұйымдастырылды.
Мерекелік шарада облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындарды құттықтап, Наурыздың қоғамдағы орнына тоқталды.
«Наурыз – жаңарудың бастауы, бірлік пен келісімнің символы. Бұл құндылықтар тек мерекемен шектелмей, жыл бойы жалғасуы тиіс», – деді өңір басшысы.

Алаңда ұлттық ойындар ұйымдастырылып, алтыбақан құрылды, қонақтарға Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды. Спорт алаңдарында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, «Талдықорған барысы» турнирі өтті.
Іс-шараға қатысқан бүркітші Жасұлан Бүркітбай ұлттық құсбегілік өнердің маңызына тоқталды. «Бұл – тек спорт емес, табиғатпен үндескен дәстүр. Жастарға сабыр мен төзімділікті үйрететін өнер», – деді ол.
Ал қала тұрғыны Андрей Чухан Наурызды халықты біріктіретін ортақ мереке ретінде бағалады. «Бұл – бәрімізге ортақ мейрам. Табиғат жаңарып, адамдардың көңілі де көтеріледі. Бірлігімізді көрсететін күн», – деді ол.
Жалпы Жетісу облысында Наурыз аясында 1330-дан астам іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама концерт пен отшашумен жалғасты. Биылғы Наурыз Жетісуда тек дәстүрді жаңғыртып қана қоймай, оны жаңа заманмен ұштастырудың нақты үлгісін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







