Украинаның негізгі донорлары — Еуроодақ пен G7 мүшелері, соның ішінде Норвегия мен Оңтүстік Корея Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) өкілдерінің қатысуымен Брюссельде бас қосты. Кездесудің басты мақсаты бұған дейін бөлінген қаржыға қарамастан, қайтадан қосымша көмек сұрап отырған Киевтің нақты қажеттіліктерін бағалау болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қатаң бюджеттік үнемдеу жағдайында және қоғамның Украинаны қолдау үшін белдікті тартуға құлықсыздығы артып келе жатқанда, еуропалықтар бұл мәселенің саяси тұрғыдан өте күрделі екенін түсінеді.
Киевтің қажеттілігі мен Брюссельдің мүмкіндігі
Владимир Зеленский өз еліне халықаралық серіктестер жоспарлағаннан да көп қаржы қажет екенін айтып отыр. Оның сөзінше, тек 2026 жылдың өзінде ел 27 миллиард доллар тапшылықпен бетпе-бет келеді. Брюссельге арнайы келген қаржы министрі Сергей Марченко бұл соманы қысқартудың амалдары табылғанын жеткізді. Дегенмен, ол Украинаға 2027 жылға қарай шамамен 69 миллиард еуро іздеу керек екенін қосты: 40 миллиард әскери шығындарға және 29 миллиард мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етуге қажет.
Қыркүйек айының ортасына қарай Брюссель әскери техника сатып алуды қаржыландыру үшін 15 миллиард еуро бөліп қойған болатын.
ЕО-ның кеңею мәселелері жөніндегі комиссары Марта Кос донорларға: «2022 жылдың ақпанынан бастап ЕО және оған мүше мемлекеттер Украина мен оның халқына 225 миллиард еуроға жуық көмек көрсетті», — деп еске салды. Бұл көмек АҚШ-та Дональд Трамп билікке оралғалы бері америкалықтардың Киевке бір доллар да бөлмегеніне қарамастан көрсетілген.
«Такое ощущение, что мы поливаем пустыню — шөлге су құйғандай күйдеміз», — деді еуропалық дипломаттардың бірі күйініп.
Бюджеттік тартыс және алдағы сайлаулар
Украинадағы ауыр жағдайға қарамастан, қосымша көмек сұраған бұл өтінішті Брюссельдің қабылдауы оңайға соқпай тұр. Әсіресе қазіргі саяси тұрғыдан нәзік кезеңде бұл мәселе тіпті қиындай түсті.
ЕО-ға мүше 27 мемлекет 2028-2034 жылдарға арналған көпжылдық бюджет бойынша белсенді келіссөздер жүргізуде. Бұл бюджет Украинаға 100 миллиард еуро бөлуді қамтиды. Алайда Германия мен оның шығынды қысқартуды жақтайтын одақтастары бюджетті бірнеше жүз миллиард еуроға азайтқысы келетіндіктен, Киевке жаңа көмек жариялау күрделі мәселе болып отыр.
Бұған қоса, 2027 жылға Франция, Испания, Польша және Италияда маңызды ұлттық сайлаулар жоспарланған, ал бұл елдерде Украинаны қаржыландыру мәселесі қоғамда өте өткір талқылануда. Францияда болжамдар бойынша жеңіске жетуі мүмкін «Ұлттық бірлестік» партиясының кандидаты Марин Ле Пен билікке келген жағдайда Киевке барлық қаржылық көмекті тоқтататынын мәлімдеді.
Брюссельдің күту тактикасы мен ұсыныстар
Әзірге Брюссель уақыт созуда. Еуропалық дипломаттардың бірі: «Біз қажеттіліктер туралы толық мәліметті күтіп отырмыз және оларды қалай қанағаттандыра алатынымызды көреміз. Талқылау 9 қазандағы қаржы министрлерінің кездесуінде немесе қазанның ортасында өтетін Еурокеңес отырысында болады деп күтілуде», — деп мәлімдеді.
Атап айтқанда, дипломаттардың көбі Украина үкіметі ағымдағы шығындарды жабуға бөлінген 15 миллиард еуроны әлі пайдаланбағанын алға тартуда. Бұл соманы бөлу Украинаның коррупциямен күрес бойынша жүргізуі тиіс реформаларына тікелей байланысты.
Сергей Марченко: «Рада отырысы қазан айының ортасында қайта басталуы керек, олар қажетті реформаларды ілгерілетуде нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенемін. Алайда ЕО-ның кейбір талаптары жаңа салықтар енгізуге қатысты болып отыр. Қазірдің өзінде қатты зардап шегіп жатқан біздің бизнеске салықты көтеретін уақыт емес», — деді.
Жаңа бастамаларды іске қоспас бұрын Еурокомиссия қолда бар барлық тетіктерді пайдалануды ұсынады. Урсула фон дер Ляйен Еуропаны қайта қаруландыруға алынған 150 миллиард еуро несиенің қалған қаржысын пайдалануды ұсынды. Қазіргі уақытта шамамен 20 миллиард еуро игерілмеген күйі тұр және бұл қаражат Киевке дрон мен әуе шабуылынан қорғану құралдарын сатып алуға бағытталуы мүмкін. Дегенмен, бұл үшін мүше мемлекеттер қарызды өтеу міндеттемесін өз мойнына алуы керек, ал Берлин мен Париж бұған келісе қоймайды.
Политолог Фабиан Зулег: «Тіпті бұғатталған ресейлік қаржыны пайдаланған күннің өзінде, бұл уақытша шешім болар еді. Еуропа ұзақ мерзімді шешім қарастыруы қажет, өйткені соғыс кезінде де, одан кейін де елді қалпына келтіру үшін қаржылық қажеттіліктер өте зор болады», — деп атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







