Алматыда қол ұстаса тізбек құрып, итті құтқарған адамдардың бірлігін еске салатын арт-нысан орнатылды. Қоладан соғылған ескерткіш оқиға болған Сайран су қоймасының жағалауына қойылған. Арт нысан 22 наурыз күні ашылды. Жоба «ForteBank» АҚ бастамасымен жүзеге асты, деп жазады Ertenmedia.kz.
2016 жылдың жаз мезгілінде Сайран өзеніне түсіп кеткен ит жағаға шыға алмай қалған. Сол сәтте бейтаныс адамдар жұмыла, шарасыз жануарды құтқаруға кіріседі. Олар қол ұстаса тізбек құрып, бірі өзен арнасына төмен түсіп итті шығарып алды.
Оқиға куәгерлерінің бірі телефонға түсіріп, видео күллі әлемге тарап, миллиондаған қаралым жинады. Әр елден пікір білдірген оқырмандар қандай жағдай болса да, көмекке ұмтылу адамдық қасиеттің биігі екенін атап өтті.

Жағалаудағы қола ескерткіш дәл сол сәтті айна қатесіз қайталап тұр. Соңғы мүсіннің созылған қолы қоршаудан асады, әр адам оған қолын қойып, бірлік тізбегінің бір бөлігі бола алады.
– Ойланбастан, көмекке ұмтылған мейірімді жандардың оқиғасы–бір бірімізге демеу болып, қолдау таныту парыз екенін еске салады. Қарапайым, бірақ маңызы зор әрекеттің символын бейнелейтін мүсін қаламызда бой көтергеніне қуаныштымыз. Енді әр жүргінші қол созып, бірлік тізбегін жалғастыра алады. Біз үшін бұл жай жоба емес, ынтымақ пен адами құндылықты еске салатын белгі. Өйткені біз, Forte қызметкерлері «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болатынына сенеміз, – деп атап өтті «ForteBank» АҚ өкілі.
Арт нысанның авторы Ербосын Мелдібеков. Ол Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең танымал суретшілердің бірі. Ол тарихи құжаттарды, бейнелерді, пейжаз бен мүсіндер, кейіпкерлерді жан-жақты зерттеп,жаңаша пайыммен жеткізеді.
Суретшінің туындылары Museum of Contemporary Art /Антверпендегі заманауи өнер мұражайында, Гонконгтағы Burger Collection және M+ Museum, сондай ақ Сингапур Ұлттық мұражайы және басқа да халықаралық коллекциялардың құрамына қойылған. Жоба Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







