Жетісу облысында Наурызнама онкүндігі аясында өткен Тазару күніне орай, өңірдің табиғи байлығын сақтау мақсатында кең көлемде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл шара барысында сегіз бірдей бұлақтың көзі ашылып, бұлақ маңайы абаттандырылды. Көксу ауданындағы Бесқайнар ауылында өткен осындай акцияға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев арнайы қатысып, жергілікті халықпен бірге табиғатқа жанашырлық танытты.
Акцияға қатысуға 200-ден астам адам жиналды. Олар ауыл тұрғындары, колледж студенттері, облыстағы су шаруашылығы мекемелерінің өкілдері. Жиналған жұртшылықты құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде Наурыздың басты мәні адам мен табиғаттың қатар тазаруында екенін атап өтті.
– Бұл игі іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының бір бөлігі. Біз өзіміз тұрып жатқан ауылымызды, ауданымызды, жалпы өңірімізді таза ұстауымыз қажет. Экологиялық тазалық, ауыз судың мол болуы, табиғи байлықты сақтау – баршаға ортақ міндет. Бүгін бұлақтарды тазалап, айналасына ағаш отырғызу арқылы табиғатымызға қамқорлық көрсетіп қана қоймай, келешек ұрпаққа тәрбие беретін үлгі көрсетеміз, – деді әкім.
Су ресурстары комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев, Көксу аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаубай Бәзілов және «Экологиялық еріктілер» ұйымының мүшесі Ұлан Уәлиев те сөз сөйлеп, бұлақ көздерін ашудың тәрбиелік және экологиялық маңыздылығына тоқталды.

Жиналғандар бұдан соң бірден іске кірісіп, бұлақтың басын тазартып, айналасына жас көшеттер отырғызды. Іс-шараға қатысушылардың бірі, «Қазына» балабақшасының қызметкері Дәурен Райымбеков бұл шараның жас ұрпаққа үлгі болатынын айтып, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
«Балаларды табиғатты қорғауға үйретудің ең тиімді жолы – өзіміздің нақты іспен үлгі көрсетуіміз. Бұлақ – тіршіліктің көзі, тазалықтың бастауы. Сондықтан бүгінгі шараны балаларымыз көріп, осы істі өз қолдарымен істесе, олар да табиғатқа жанашыр болып өседі», – деді Дәурен Райымбеков.
Жалпы, бұл күні Көксу ауданымен қатар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал және Панфилов аудандарында да дәл осындай акциялар ұйымдастырылып, бір мезетте сегіз бұлақ көзі ашылды. Бұлақ маңы тазаланып, бір бұлақтың табиғи шығу көзі қалпына келтірілді. Бұл бұлақтардың суы халыққа ауыз су ретінде, емдік мақсатта және шаруашылық қажеттіліктер үшін пайдаланылмақ. Әсіресе, қазіргі су тапшылығы мәселесі туындап отырған кезде бұл бұлақтар қосымша таза су көзі ретінде өте маңызды болып отыр.
Облыс бойынша «Мөлдір бұлақ» акциясы алдағы уақытта да жалғасады. 23 наурыз бен 2 мамыр аралығында «7 OZEN» экологиялық іс-шарасы аясында Қаратал, Көксу, Лепсі, Ақсу, Бүйен, Іле және Басқан өзендерінің жағалаулары мен бұлақ көздері жүйелі түрде тазартылатын болады. Бұл шаралар арқылы Жетісу жерінің табиғи байлығын сақтау мен қоршаған ортаны жақсарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







