Алматының әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін жалмаған жол апатына кінәлі жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдікті ауруханада, жағдайы тұрақталған соң уақытша ұстау изоляторына ауыстырылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы қалалық полициясының мәліметінше, жол-көлік оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі («Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлік жүргізу ережелерін бұзу») бойынша іс қозғалған. Бұл бапта кінәліге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Zeekr» маркалы көліктің жүргізушісі әл-Фараби даңғылымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, «Mercedes» көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы сол жерде көз жұмды. Оқиғаға кінәлі азамат жарақат алып, қазір ауруханада полиция бақылауында жатыр.
Полиция департаменті апатқа қатысы бар барлық тұлғалардың анықталғанын, әрқайсысы бойынша әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілгенін атап өтті.
«Көліктер айып тұрағына жеткізілді. Жауапкершіліктен ешкім құтылып кетпейді. Барлық бейнебақылау камераларының жазбалары, оның ішінде жеке тұлғалардың камераларындағы деректер алынып, тергеу материалдарына қосылды. Олар мұқият тексерілуде. Сонымен қатар жүргізушінің алкогольдік ішімдік пайдаланған-пайдаланбағанын анықтау үшін арнайы медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі қосымша хабарланады», – деп толықтырды Алматы қаласы Полиция департаменті.
Құқық қорғаушылар көлік жүргізушісіне жол қозғалысы ережелерін бұзудың бірнеше басқа деректері бойынша да әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Алматы полициясы тергеу амалдарының жан-жақты әрі толық көлемде жүргізіліп жатқанын, барлық кінәлі тұлғалардың заң аясында жауапқа тартылатынын жеткізді.
Полиция өкілдері азаматтардан жалған ақпарат таратпауды және тек ресми дереккөздерге сүйенуді сұрайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







