Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған ауыр апаттан соң Алматы полиция департаментінде кадрлық тазалау басталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Cmn.kz дерегінше, департамент басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев (суретте) түнеукүні оқиғадан кейін денсаулығына байланысты шұғыл демалысқа шығып кеткен. Дереккөздің мәліметіне сәйкес, ол алдағы уақытта қызметінен кетуі мүмкін.
Бұған дейін заңгер Молдахан Әділетхан әлемжеліде Әл-Фарабидегі апаттың жаңа деректерін жариялаған еді. Zeek-мен жарысқан екінші көлікте полиция басшылығының өкілі болғаны айтылуда.
Заңгер жариялаған видеода жасөспірімнің көлік айдауға дәл сол Ержан Ұзабаев рұқсат бергенін айтқан.
Департаменттегі ақпарат көзінің хабарлауынша, аяқасты демалысқа шыққан Ұзабаевтың артынан Алматы әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Серік Шұмаев қызметінен босатылған. Сондай-ақ Алматы әкімшілік полициясының арнайы батальонында үш взвод командирі және патрульдік полиция полкінің бір рота командирі қызметінен шеттетілген.
Контекст
Еске сала кетсек, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болып, үш адам қаза тапқан болатын. Тергеу анықтаған мәліметке сәйкес, Zeekr маркалы электромобиль жоғары жылдамдықпен келе жатып, қарсы бетке шығып Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы 20 және 22 жастағы бойжеткен қыздар оқиға орнында қайтыс болды. Zeekr жүргізушісі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Ержан Ұзабаевқа қатысты деректердің мұқият тексеріліп жатқанын мәлімдеп, Zeekr жүргізушісі ауруханада арнайы күзет бақылауында екенін айтты. Денсаулығы жақсарғаннан кейін ол бірден қамауға алынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







