Бүгін Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) ел азаматтарына дипфейк технологиясын қолданатын жаңа алаяқтық әрекеттер туралы ескертіп, шұғыл үндеу жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Агенттіктің хабарлауынша, алаяқтар ҚМА өкілінің жалған бейнесін және агенттіктің атынан ашылған жалған веб-сайттарды пайдалануда.
– Таратылып жатқан бейнероликтерде агенттік өкілінің атынан жалған инвестордың оқиғасы баяндалады. Сценарий бойынша, инвестиция жасағаннан кейін оған кіріс көрсетіліп, кейін қаражатты шешіп алу үшін түрлі комиссиялар, салықтар және «тексерулер» үшін төлем жасау талап етіледі.
Бірнеше төлем жасағаннан кейін де қаражатқа қол жеткізу мүмкін болмайды. Содан соң «ақшаның бір бөлігін банктер мен реттеушілер арқылы қайтаруға мүмкіндік бар» деп көрсетіледі. Әрі қарай, бейнероликтегі «толығырақ» батырмасын басқан адам «халық заңгерімен» жалған хат алмасатын чатқа түседі, – делінген ҚМА хабарламасында.
Сонымен қатар, алаяқтар агенттіктің атынан ашылған жалған парақшаларда «ақша қайтару» туралы ақпарат таратып жатыр.
– Осы сілтемелер арқылы өткен пайдаланушы «қаражатыңызды қашан жоғалттыңыз?» деген сұраққа жауап беріп, сауалнамадан өтуі тиіс. Осыдан кейін пайдаланушы аты-жөні, телефон нөмірі мен электрондық поштасы сияқты жеке мәліметтерін қалдыруға мәжбүр болады. Соңында «ақша қайтару процесін бастау» батырмасын басу ұсынылады, – деп ескертеді ҚМА.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға және мұндай сілтемелер мен хабарламаларға сенбеуге шақырады. Агенттік ешқашан әлеуметтік желілер немесе мессенджерлер арқылы ақша қайтару жөнінде ұсыныстар жасамайтынын ерекше атап өтті.
Қазақстанда жеке тұлғалар үшін 2025 жылғы көлік салығын төлеудің соңғы күні 2026 жылдың 1 сәуірі. Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды міндеттемелерін уақтылы орындауға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







