Қазақстанның валюта нарығында соңғы жылдары қалыптасқан дәстүрлі көзқарасқа кереғар үрдіс байқалып, доллар үш жыл бұрынғы көрсеткішінен айтарлықтай арзандады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үш жылдағы көрсеткіш: теңге 7 пайызға өсті
Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың 24 қыркүйегінде доллардың ресми бағамы 475,25 теңгені құраған еді. Ал 2026 жылдың қыркүйек айының соңында Қазақстан қор биржасындағы (KASE) орташа өлшенген бағам 441,86 теңгеге дейін төмендеді. Өткен үш жыл ішінде америкалық валюта 33,39 теңгеге арзандап, ұлттық валюта долларға шаққанда шамамен 7 пайызға нығайды.
«Уақыт теңгенің пайдасына жұмыс істеді»
Tengenomika сарапшылары бұл ахуалды ұлттық валюта динамикасындағы ерекше құбылыс деп атады. Мамандардың айтуынша, қоғамда доллар тек өседі деген стереотип қалыптасқанымен, нақты цифрлар мүлде басқа шындықты көрсетіп отыр.
«Үш жыл бұрын доллар бүгінгіден қымбат болған — уақыт теңгеге қарсы емес, оның пайдасына жұмыс істеген сирек жағдай. Кейде нақты сандар үйреншікті түсініктерден әлдеқайда пайдалырақ. Дегенмен бірнеше апталық өзгеріске қарап ұзақмерзімді қорытынды жасауға болмайды: валюта нарығы сыртқы жағдайларға да, ішкі сұраныс пен ұсыныс теңгеріміне де өте жылдам жауап береді», – деп жазды Telegram-арна авторы, экономист Руслан Сұлтанов.
Валютаның нығаюына не түрткі болды?
Қыркүйек айының басында ғана доллар 462 теңгеден жоғары болса, небәрі бірнеше аптада бағам 4,4 пайызға күшейіп, 441 теңге дәлізіне дейін шегінді. Экономистердің бағалауынша, валюта курсы тек жалпы ішкі өнімнің өсіміне ғана емес, елге түсетін және шетелге кететін валюта ағындарының тепе-теңдігіне тікелей байланысты.
Бұл кезеңде бірнеше негізгі фактор қатар ықпал етті. Біріншіден, ірі экспорттаушы компаниялар салықтық міндеттемелер мен операциялық шығындарды жабу үшін валюта түсімін нарықта белсенді сатты. Екіншіден, Ұлттық қордан бюджет қажеттіліктеріне бағытталған сату операциялары ішкі нарықтағы ұсынысты молайтты. Үшіншіден, ақша-несие саясаты аясындағы жоғары базалық мөлшерлеме теңгелік депозиттер мен қаржы құралдарының кірістілігін арттырып, валютаға деген алыпсатарлық сұранысты тежеп тұр.
Доллар 400 теңгеден төмендеуі мүмкін бе?
Сарапшылар доллардың 400 теңге деңгейінен төмен түсу ықтималдығын да бағамдап көрді. Ол үшін қолданыстағы 442 теңге шамасындағы бағамнан тағы 10 пайызға нығаю қажет. Математикалық жағынан бұл мүмкін болғанымен, іс жүзінде оған қол жеткізу оңай емес.
Мұндай терең бекініске тек мұнайдың қымбаттауы жеткіліксіз, сыртқы сауданың тұрақты оң сальдосы және валюталық түсімнің үздіксіз көп болуы қажет. Сонымен қатар, ұлттық валютаның тым күрт күшеюі импортты шамадан тыс ынталандырып, отандық өндірушілерге салмақ түсіреді, бұл өз кезегінде нарықта кейінгі кері түзетуге жағдай жасайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







