Экспорттық және импорттық шарт бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер банк-есепке алу тіркеуімен мәліметті үнемі салыстырып, міндеттемені орындау мерзімін бақылап, шартқа қатысты деректі уақтылы жаңартып отыруы керек. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматыдағы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Халықаралық салық салу мен валюталық бақылау басқармасының басшысы Айдос Егенов осылай деді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Валюталық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету
2024 жылғы 10 қаңтардан бастап мемлекеттік кірістер органдары экспорттық және импорттық операциялар бойынша ұлттық және шетел валютасын репатриациялау жөніндегі заңнамада белгіленген талаптың орындалуын бақылайды. Спикердің айтуынша, мақсаты – валюталық заңнаманың сақталуын, сыртқы экономикалық операцияның ашықтығын қамтамасыз ету.
Тексеру барысында банктік бақылау мәліметі мен сыртқы экономикалық шарт бойынша міндеттеменің орындалғанын растайтын құжат қолданылады.
«Біз тек ақша қаражатының қозғалысын ғана талдамаймыз. Құжаттар мен мәліметтерді кешенді түрде салыстырып отырып тексереді. Олардың қатарында тауарларға арналған декларациялар, тауарды әкелу мен жанама салықты төлеу туралы өтініш, электрондық шот-фактуралар, инвойстар, істелген жұмыс пен көрсетілген қызметтер актілері, банктік үзінді көшірмелер мен сыртқы экономикалық шарт бойынша міндеттеменің орындалғанын растайтын басқа да құжаттар бар», – деді Айдос Егенов.
Құжаттарды уақтылы жаңарту маңызы
Егер шарттың деректемелері немесе оның есептік нөмірі қате көрсетілсе, сондай-ақ міндеттемені орындау мерзімі өзгерсе, қосымша салыстырып тексеру қажет болуы мүмкін. Сондықтан қосымша келісім жасалғаннан кейін банк-есепке алу тіркеуіндегі шарт туралы мәліметті уақтылы жаңарту керек.
«Біздің ұстанымымыз бойынша, валюталық бақылау тек бақылау сипатында емес, ең алдымен профилактикалық сипатта болуы керек. Мемлекеттік кірістер органдарының міндеті – заң бұзушылықты тіркеп, жауапкершілік шараларын қолданумен ғана шектелу емес. Бірінші кезекте мән-жайды анықтап алып, сыртқы экономикалық қызметке қатысушымен байланыс орнатып, заңнамада көзделген жағдайда міндеттеменің тиісінше орындалғанын растауға мүмкіндік беру қажет», – деп толықтырды спикер.
Айдос Егеновтың айтуынша, құжаттарды тұрақты түрде салыстырып тексеру мен өзгерісті уақтылы көрсету алшақтық қаупін азайтып, міндеттемелердің орындалуын қосымша растау қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар бизнес өкілдері де өздерінің валюталық шарттары бойынша міндеттемелердің орындалуын уақтылы бақылауы тиіс. Біз экспорттаушылар мен импорттаушыларға банк-есепке алу тіркеуімен мәліметтерді тұрақты түрде салыстырып тексеруді, репатриация мерзімдерін бақылауды, кеден және салық құжатында валюталық шарттың есептік нөмірінің дұрыс көрсетілуін тексеруді, сондай-ақ шарт талаптарындағы өзгерісті уақтылы көрсетуді ұсынамыз. Мұндай алдын алу жұмысы алшақтықтың санын едәуір азайтуға сеп болады», – деп қорытындылады сөзін Айдос Егенов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






