Алматыдан Ыстықкөлге дейінгі қашықтықты шамамен 200 шақырымға қысқартуға тиіс болған жаңа тасжол жобасы әзірге жүзеге аспайтын болды. Көлік министрлігі аталған бағыттың не себепті мемлекеттік инфрақұрылымдық жоспардың негізгі басымдықтарына енбей қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекеттік ресурстар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін негізгі автожол жобаларына бағытталған. Осыған байланысты барлық қаржылық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктер бірінші кезектегі маңызды нысандарға жұмылдырылып отыр.
Атап айтқанда, 2026–2030 жылдарға арналған бағдарлама аясында Президент тапсырмасымен бекітілген ішкі күрежолдарды жөндеуге басымдық берілді. Олардың қатарында «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қызылорда – Сексеуіл», «Бейнеу – Сексеуіл» бағыттары мен Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларын айналып өтетін жолдардың құрылысы бар.
Жауапты ведомство жаңа халықаралық дәліздің неліктен тоқтатылғанын ашық жариялады:
«Ағымдағы жоспарлау кезеңінде Алматы – Ыстықкөл жол жобасын іске асыру басым емес деп айқындалды», – деп хабарлады Көлік министрлігі.
Сонымен бірге ведомство өкілдері аталған курорттық бағытқа қайта оралу мәселесі алдағы жылдары стратегиялық инфрақұрылымдық бағдарлар қайта қаралған кезде ғана күн тәртібіне қойылуы мүмкін екенін жеткізді.
Қазіргі жол мен ұсынылған жаңа бағыт
Жаңа автожол қазіргі көлік қатынасына балама бағыт ретінде ұсынылған еді. Қазір демалушылар «Алматы – Отар – Қордай – Бішкек – Шолпан-Ата» арқылы шамамен 460 шақырым жол жүріп, оған орта есеппен 6–7 сағат уақыт жұмсайды.
Ал талқыланған «Алматы – Ұзынағаш – Кеші-Кемин» бағыты жолды 277 шақырымға дейін қысқартар еді. Жоба бойынша оның 127 шақырымы Қазақстанның, ал 150 шақырымы Қырғызстанның аумағынан өтуі тиіс болатын. Бұл жол сапар уақытын 3-4 сағатқа дейін азайтуға мүмкіндік беретін еді.
Инвесторлар мен қаржы тапшылығы
Қос мемлекет арасындағы қысқа жол құрылысы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Оны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, Азия даму банкінің техникалық қолдауымен салу мәселесі де қаралған болатын.
Алайда мемлекеттік қазынаның мүмкіндігі мен ел ішіндегі тозығы жеткен күрежолдардың көбейіп кетуі себепті, көрші елмен арадағы туристік бағытты қаржыландыру уақытша тоқтатылып отыр. Үкімет ең алдымен Қазақстанның ішкі өңірлерін сапалы көлік дәліздерімен өзара байланыстыруды басты орынға қойды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







