Қазақстанда алғаш рет өткізілетін әкімшілік амнистия аясында айыппұлдардан арылатын азаматтардың санаттары белгілі болды. Сенат депутаты Марат Қожаевтың айтуынша, бірінші кезекте әлеуметтік осал топтарға басымдық беріледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Парламент отырысының кулуарында журналистер сұрағына жауап берген сенатор әкімшілік амнистияның басты мақсаты айыппұлдарды есептен шығару емес, қиын әлеуметтік жағдайда жүрген азаматтарға қолдау көрсету екенін жеткізді.
«Қазір талқылаулар жүріп жатыр, ұсыныстар барлық мүдделі органдардан жиналуда. Мен талқылауларда әкімшілік айыппұлдардан бірінші кезекте әлеуметтік жағынан қорғалмаған азаматтарды босату қажеттігі туралы пікірді жиі естимін. Бұған еңбек және соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар және өзге де көмекке мұқтаж азаматтар кіреді. Амнистия осы санаттағы азаматтардан басталуы тиіс», – деді Марат Қожаев.
Депутат бюджетке түсетін ықтимал шығындарға қатысты пікірін де білдірді. Оның сөзінше, мемлекет айыппұлдар арқылы бюджетті толықтыруды көздемейді, керісінше, олардың негізгі мақсаты құқықбұзушылықтың алдын алу.
«Әрине, бюджетке түсетін табыс азаяды деген алаңдаушылық бар. Дегенмен, айыппұлдың басты міндеті – бюджетті толтыру емес, құқық бұзудың алдын алу», – деп атап өтті сенатор.
Сенатордың айтуынша…
Қазір Қазақстанда әкімшілік құқық жүйесіне 70 субъект қатысады, олардың барлығы өз ұсыныстарын беріп жатыр. Әкімшілік амнистияға қатысты түпкілікті шешім маусым айының соңына дейін қабылданады деп жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына орай Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия өткізуді тапсырған еді. Амнистия ауыр құқық бұзушылық жасаған азаматтарға қолданылмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







