Танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың экс-әйелі Гүлайым Рахмонова жолдасымен ажырасып кеткеніне енесі кінәлі екендігін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды. Айтуынша, Шавкаттың шешесі екі жастың ортасына түсіп, келінін қаралап, ақыр соңы шаңырақты шайқалтып тынған.
«Жалпы өмір деген қандай, иә?! Жау алыстан келмейді деп бекер айтылмаған. 10 жыл өмірімнің 6 жылын мені күндеумен, мені өсектеумен күйдірген Шавкаттың шешесіне таным бар.
Қазақ болғаным үшін қалай баласы ЮФС-ден табыс әкеле бастады, мені қазақ деп күндеп, өсектеп, жамандап, «қазақтар мал» деп 2023 жылы аузына келгенін айтып ұялмай, қалай қазақтың жерін басып жүр екен?! Ақыры ажырастырды, басыма түскен қиындыққа күліп, ажыратып тынды.
Жегендері Шавкаттың табысы, таласқандары менің балаларымның несібесі. Мейлі, қазақ екеніме мың шүкір! Аз уақытта көп нәрселер айтылады», — деді ол.
Айта кетейік…
Бүгін Гүлайым Рахмоноваға қатысты сот процесі аяқталды. Оған адам өліміне әкелген жол апатын жасады деген айып тағылып, бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 27 шілдесінде сағат 08:30 шамасында Алматы – Екатеринбұр тас жолының Мойынқұм ауданындағы аумағында болған. Тергеу материалына сәйкес, Рахмонова Toyota Land Cruiser көлігін шаршаңқы күйде жүргізгендіктен, рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, автокөлік аударылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жолаушы айыпталушының туған әпкесі мен құрбысы көз жұмған. Рахмонованың өзі де түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген болатын.
Сот үкіміне сәйкес, Рахмонова кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты, жазаны өтеу мерзімі заң бойынша 5 жылға кейінге қалдырылды.
Сот ісі қаралып жатқан кезде Гүлайым желідегі қауымға үн қатып, бес баламен жалғыз қалғанын мәлімдеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







