Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағыты қайтадан күн тәртібінің алдыңғы қатарына шықты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен өткен арнайы комиссия отырысында мемлекеттік органдардағы жемқорлық тәуекелдері, оның алдын алу тетіктері және жауапты басшылардың міндеті кеңінен талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға комиссия мүшелерімен бірге мемлекеттік органдардың жетекшілері, құқық қорғау және бақылаушы құрылымдардың өкілдері қатысты. Басқосуда мемлекеттік аппараттағы әлсіз тұстар, жүйелі қатерлер және оларды азайтудың нақты жолдары қаралды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қуаныш Әділханов баяндама жасап, анықталған заңбұзушылықтар, қайталанып отырған тәуекелдер мен профилактикалық жұмыстардың нәтижесін ортаға салды.
Отырыс барысында Асхат Оралов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жай науқандық шара емес, мемлекеттің негізгі бағыты екенін ашық айтты. Оның сөзінше, бұл мәселеде жарты жолда тоқтайтын мүмкіндік жоқ. Өйткені жемқорлық ең алдымен халықтың мемлекетке деген сеніміне соққы беретін фактор. Сол себепті әрбір басшы өз саласындағы ахуалға жеке жауап беруге тиіс.

Асхат Оралов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлықпен күресті «Әділетті Қазақстанды» құрудың және «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтырудың басты шарттарының бірі ретінде айқындап отырғанын атап өтті.
Президент тарапынан мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңарту, процестерді цифрландыру, квазимемлекеттік сектордағы бақылауды күшейту жөнінде нақты міндеттер қойылған. Осы міндеттер өңірлік деңгейде де құр ұран күйінде қалмауы керек. Керісінше, әр мекеменің жұмыс тәртібіне айналуы тиіс.
Комиссия отырысында осы талаптардың аясында ашықтықты күшейту, құқықбұзушылықтардың алдын алу тетіктерін нақтылау және мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мәселесіне басымдық берілді. Әсіресе мемлекеттік сатып алу саласына ерекше назар аударылды. Себебі дәл осы салада күмән туғызатын шешімдер, рәсімдік олқылықтар мен жауапкершіліктің әлсіреуі жиі сынға ұшырайды.
Жиын қорытындысында Асхат Оралов қабылданған ұсынымдардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен бірге құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы бақылауды күшейту, мемлекеттік қызмет пен сатып алу жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдерін азайту, заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету және белгіленген шектеулердің сақталуын талап ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ жіберілген заңбұзушылықтар үшін басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту қажеттігі де бөлек айтылды.
Контекст
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру және профилактикалық шараларды жандандыру міндеті қойылды. Мақсат тек құқықтық талапты еске салу ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Яғни мәселе тек жазалаумен шектелмейді. Әңгіме мемлекеттік қызметтегі ішкі тәртіпті, кәсіби жауапкершілікті және қоғам алдындағы адалдық өлшемін күшейту туралы болып отыр.
Өңір басшылығы осы бағыттағы жұмыстың ерекше бақылауда болатынын мәлімдеді. Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары алдағы уақытта да жүйелі және қағидатты түрде жалғасады. Бұл есеп үшін айтылған сөз емес, мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына айналуға тиіс талап.
Маңғыстау облысында Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтіп, ұлттық дәстүр мен заманауи технология үйлескен ерекше форматымен ерекшеленді. Жалпы өңір бойынша мерекелік шараларға 60 мыңнан астам адам қатысып, 134 киіз үй тігілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







