Алматының Almaty Theatre сахнасында халықаралық «Жер сағаты» акциясы аясында «Symphony of Earth» атты акустикалық концерт ұйымдастырылды. Шара экологиялық ресурстарды ұқыпты пайдалану идеясын насихаттау мақсатында театр ғимаратының жарығы толық сөндіріліп, үш мың шамның жарығымен өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Концерт ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен Қазақстанның ЮНЕСКО клубтары ұлттық федерациясы ұйымдастырған TURAQTY JOL 7.0 республикалық экологиялық кампаниясының ашылуы аясында өтті. Акцияның бас серіктесі – ЦентрКредит Банкі, ал ресми серіктесі – Chevron компаниясы.
Шараға Иран мен Түркия дипломатиялық корпусының өкілдері, танымал стилистер мен блогерлер, эковолонтерлар және Алматы жастары қатысты.
Музыкалық кеш unplugged форматында, яғни электр қуатын мүлдем қолданбай, тек қайта қуатталатын шамдардың жарығымен өтті.
Концерттік бағдарлама тыңдармандарды музыка тарихымен таныстырып, барокко кезеңінен бастап заманауи академиялық туындыларға дейінгі шығармаларды қамтыды. Атап айтқанда, Иоганн Себастьян Бах, Антонио Вивальди, Арво Пярт, Астор Пьяццолла, Жюль Массненің классикалық шығармалары, сондай-ақ қазақстандық композиторлардың туындылары орындалды.
Кештің ерекшелігі
Еуропалық және қазақ музыкалық дәстүрлерінің үйлесім табуы болды. Концертте ұлттық қобыз аспабы ерекше орын алып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Кертолғау» қобызшылар ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар, Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының «Giovani Talenti» камералық оркестрі (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Аршат Шәріп) жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Шарада танымал солистер – баянист Ғалымжан Нарымбетов, скрипкашы Динара Базарбаева-Сахаман, қобызшы Әйгерім Қарсақбаева және вибрафоншы Мұхаммедбатыр Балтабайұлының өнері көпшіліктің көңілінен шықты.
«Жеті жыл қатарынан серіктестерімізбен, Алматы әкімдігінің қолдауымен осындай шараларды ұйымдастырып келеміз. Өткен алты кезеңде еліміздің әр түкпірінен 90 мыңдай адам қамтылды. Мақсатымыз – қоғам назарын, әсіресе жастарды экологиялық мәселелерге аудару. Білім мен мәдениет біріккен жерде ғана тұрақты даму болады», – деді Қазақстанның ЮНЕСКО клубтары ұлттық федерациясының вице-президенті Сабина Ақжарова.
Сондай-ақ…
Шара барысында жастарға арналған экологиялық лагерьге қатысуға өтінім қабылдау басталды.
«Бұл жобаға қатысу арқылы жастар жауапкершілікті сезінеді, қоршаған ортаны қорғау мәселесіне немқұрайлы қарамайтын болады. Жер сағаты деген – тек бір сағатқа жарықты сөндіру емес, бұл ресурс үнемдеуге шақыру», – деді шараның 21 жастағы волонтері Умарали Муминов.
Акция аясында Қазақстанның көптеген қалаларында ірі сауда орталықтары, әкімшілік ғимараттар және өндіріс нысандары жарығын уақытша өшірді. Алматыда Dostyk Plaza, MEGA Almaty және ЦУМ ғимараттарының сыртқы жарығы уақытша тоқтатылды. Дәл осындай іс-шаралар Астана мен Шымкентте де ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Symphony of Earth» акциясы тек мәдени шара болып қалмай, экологиялық мәселелерге, тұрақты даму идеяларына қоғам назарын аударуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, халықаралық «Жер сағаты» акциясы биыл Қазақстанда экотуризмді дамыту тақырыбымен өтті. Бұл шара жыл сайын WWF (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) бастамасымен ұйымдастырылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







