Қазгидромет 31 наурыз бен 2 сәуір аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, осы күндері Қазақстанның басым бөлігінде күн жылы болып, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Алайда елдің батысында және оңтүстіктегі таулы аумақтарда жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Батыс өңірлердің кей тұсында жауын-шашын күшейіп, жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Түнгі және таңғы уақытта республика бойынша тұман түсу ықтималдығы да бар.
Күндіз солтүстік-батыста ауа температурасы 17-26 градус жылы аралығында болады. Солтүстікте 13-20 градус, орталықта 12-23 градус, шығыста 5-22 градус шамасында сақталады. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста көктемнің қызуы анық сезіліп, сынап бағаны 23-32 градусқа дейін көтеріледі.
Батыс аймақтарда, керісінше, салқындау байқалады. Онда ауа температурасы 20-25 градустан 13-20 градусқа дейін төмендейді.
Қысқасы, елдің көп бөлігі сәуірге жылы ырғақпен қадам басқалы тұр, бірақ батыста көктем мінезі құбылып, жел мен жаңбыр қатар жүруі мүмкін.
Айтқандай, 1 сәуірден бастап елімізде біраз дүние өзгергелі тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







