Алматыдағы Алатау ауданында қордаланған инфрақұрылым мәселелерін кезең-кезеңімен шешу жоспары күшейді. Биыл аудан аумағында жол салу, инженерлік желілерді жаңғырту, жарық, су, кәріз және коммуналдық түйткілдерді реттеу бағытында бірнеше ірі жоба қатар іске аспақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Кездесу барысында әкім тұрғындар мен журналистер тарапынан жиі көтерілетін нақты мәселелерге жауап берді. Әңгіме асфальтсыз көшелер, жарық желісінің үзілуі, инженерлік инфрақұрылым, үйлерді сүру және ірі жол жобаларының мерзімі жайында болды.
Ең көп қозғалған мәселенің бірі – Мәдениет пен Теректі шағынаудандарының жол жағдайы. Әкімнің айтуынша, Мәдениетте жобалық-сметалық құжаттар дайын. Қазір онда инженерлік желілер тартылып жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Жол құрылысы содан кейін ғана басталады. Теректіде былтырғы қыркүйектен бері ұзындығы 96 шақырым болатын су және кәріз желілерін тарту жобасы жүріп жатыр. Қазір оның шамамен 40 пайызы орындалған. Соған қоса жиырмаға жуық көшеге асфальт төсеу жоспарланған.
Данияр Қырықбаев бұл тәсілдің себебін ашық түсіндірді. Оның сөзінше, алдымен инженерлік желілер толық тартылып алынуы керек. Содан кейін ғана жол салынады. Өйткені алдымен асфальт төсеп, кейін қайта қазу – артық шығын мен сапа мәселесіне әкеледі. Әкім кей шағынаудандарда жұмыс белсенді кезеңге өткенін, инфрақұрылым аяқталған соң жол салу бірден басталатынын айтты.
Рахат-Мәдениет шағынауданындағы жарық мәселесі де көптен бері тұрғындардың алаңын күшейтіп келеді. Бұл аумақта 79,4 шақырым жаңа электр желісін тарту, бір тарату бекеті мен 38 трансформаторлық қосалқы станция орнату жоспарланған. Алайда кейбір жер телімі иелерінің кабель өткізуге келісім бермеуіне байланысты жобаға өзгеріс енгізуге тура келген. Қазір құжаттар сараптамадан өткеннен кейін жұмыс қайта жанданбақ.
Рахат-Мәдениеттегі тағы бір үлкен бағыт – инженерлік желіні дамыту. Жалпы ұзындығы 131 шақырымнан асатын коммуникациялық жобаның бүгінде 95 пайызы аяқталған. Жоспар бойынша ол биыл тамызда толық бітеді. Теректіде де ауқымды инфрақұрылымдық жоба іске асып жатыр. Ол шамамен 1700 үйді қамтиды және жыл соңына дейін аяқталуға тиіс.
Әкім тұрғындардың есеп емес, нақты нәтиже күтетінін жақсы түсінетінін айтты. Оның сөзінше, кей нысандарда жер телімін сатып алу, құжаттарды түзету, техникалық шешімдерді қайта қарау секілді объективті кедергілер бар. Бірақ барлық жоба бақылауда тұр.
Брифингте Самғау шағынауданына қарасты Аршалы көшесіндегі үйлерді сүру мәселесі де көтерілді. Бұл Тілендиев көшесін ұзарту жобасына байланысты. Алғашқы кезеңде мемлекет қажетіне 111 жер телімі алынуы тиіс. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, өтемақы көлемін тәуелсіз бағалаушылар анықтайды. Сол себепті әр нысан бойынша сома әртүрлі болуы мүмкін. Егер үй иесі бағамен келіспесе, сот тәртібімен дауласуға құқылы. Бұл жоба аясында пәтер берілмейді, тек ақшалай өтемақы төленеді.
Қаладағы маңызды жол жобаларының бірі Сайын көшесінің Рысқұлов даңғылынан төменгі бөлігін ашу мәселесі. Бұл нысанда қозғалысты қыркүйектің соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Қазір құрылыс шамамен 70 пайызға дайын. Асфальт төсеу мен жол негізін күшейту жұмыстары аяқталған.
Абаттандыру назардан тыс қалмайды.
Айгерім шағынауданында да биыл инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталады. Оған су және кәріз жүйелері кіреді. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін көшелерге, соның ішінде Нәби көшесіне асфальт төсеу басталады.
Абаттандыру бағыты да назардан тыс қалмайды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы Шаңырақ-1 шағынауданында төрт қоғамдық кеңістік салынбақ. Ал «Атлетикалық ауылда» аулаларды кешенді жаңарту жалғасады. Мұнда көгалдандыру, жарықтандыру, балалар және спорт алаңдарын орнату жұмыстары қолға алынады. Құрылыс екінші тоқсанда басталады.
Көк-Қайнар шағынауданындағы су басу мәселесі де брифингте қозғалды. Бұл түйткілдің негізгі себебі – Боралдай өзені арнасының су өткізу қабілетінің төмендігі. Осы мәселені шешу үшін өзен арнасын қайта жаңғырту және маңын абаттандыру жобасы іске асырылып жатыр. Әкімдік бұл жұмысты тамыз айына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Брифинг соңында Данияр Қырықбаев ауданда жол, инженерлік желі мен абаттандыру мәселелері бір-бірінен бөлек қаралмайтынын айтты. Оның сөзінше, әкімдік бірнеше ірі жобаны қатар жүргізіп отыр. Негізгі мақсат – Алатау ауданындағы тұрғындардың өмір сүру сапасын нақты жақсарту.
Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік апат туралы мәлімдеме жасап, полицияның қатысы болуы мүмкін деген болжамды алғаш жариялаған заңгер Әділетхан Молдахан ұсталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







