Түркістанда көлік инфрақұрылымын күшейтуге бағытталған маңызды жоба талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен кездесіп, Түркістан қаласының шығыс айналма жолының құрылысын жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында жол құрылысына қатысты қаржыландыру көздері, іске асыру тетіктері және тараптардың өзара міндеттемелері кеңінен сөз болды. Қанат Қайыпбек бұл жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтіп, ұсынылған бастамалар мұқият зерделенетінін жеткізді.
Оның айтуынша, аталған жобаны іске асыруға бірнеше компания қызығушылық танытып отыр. Облыс әкімдігі тиімді әрі нақты нәтиже беретін ұсыныстарды қолдауға дайын. Сонымен бірге негізгі талап өзгермейді: құрылыс сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс.
Түркістан қаласының шығыс айналма жолы М-32 «Самара–Шымкент» халықаралық автожолына балама бағыт ретінде қарастырылып отыр. Жоспар бойынша, жаңа жолдың ұзындығы 30 шақырым болады. Қазір жобаға қажетті жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қаржыландыру және жүзеге асыру көзделген.
Бұл бастаманың маңызы тек жаңа жол салумен шектелмейді. Жоба өңірдегі көлік инфрақұрылымын жаңартуға, қала ішіндегі көлік жүктемесін азайтуға және Түркістан арқылы өтетін транзиттік ағынды реттеуге бағытталған. Яғни жаңа айналма жол шаһардың ішкі қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, болашақтағы урбанистік өсімге де негіз қалайды.
Кездесуде инвесторлар өз жобаларын ұсынып, компанияларының тәжірибесін таныстырды. Солардың бірі – China State Construction Engineering Corporation Limited. Бұл әлемдегі ең ірі инвестициялық-құрылыс топтарының бірі саналады. Компания 130-дан астам ел мен өңірде 7 мыңнан астам жобаны аяқтаған. Оның үстіне CSCEC Қазақстан аумағында да бірқатар жобаны іске асырып үлгерген.
Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды нақтылау бойынша келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты. Демек, Түркістанның шығыс айналма жолы әзірге талқылау сатысында болғанымен, оған деген қызығушылық жоғары. Егер жоба толық іске асса, бұл Түркістанның көлік логистикасын жаңа деңгейге көтеретін ірі инфрақұрылымдық қадамдардың біріне айналуы мүмкін.
Түркістан облысында 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын өңірлік инвестициялық жобалар пулы қайта қаралып, жаңадан жасақталған. Нәтижесінде құны 500 млн теңгеден асатын, жалпы көлемі 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 жобаның тізімі қалыптасты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







