Қонаев қаласында жаңа спорт кешені салынады. Бұл жоба өңірдегі спорт инфрақұрылымын күшейтіп, тұрғындар үшін қолжетімді әрі заманауи жаттығу кеңістігін қалыптастыруға бағытталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа нысанның құрылысы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna Trust арқылы қаржыландырылады. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын екі қабатты спорт орталығында бірнеше спорт түріне арналған залдар қарастырылады. Сонымен қатар 100 көрерменге арналған трибуна, күрес және бокс залдары, тренажер залы мен қосалқы бөлмелер болады.
Жобаның маңызды тұсының бірі қолжетімділік мәселесіне мән берілуі. Кешен лифтпен жабдықталады. Соның арқасында екінші қабатқа барлық келуші, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар да еш кедергісіз көтеріле алады. Бұл жаңа спорт нысанының тек кәсіби дайындыққа емес, барша тұрғынға ыңғайлы орта қалыптастыруды көздейтінін көрсетеді.
Жобаны іске асыруға шамамен 1,6 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Осындай спорт кешендері тек Қонаевта ғана емес, Ақтөбе, Арқалық және Семей қалаларында да салынбақ.
Бұдан бөлек, биыл Samruk-Kazyna Trust арқылы еліміздің бірнеше өңірінде ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерге арналған инклюзивті спорт орталықтарының құрылысы басталады деп күтілуде.

Қордың тұжырымдамасына сәйкес, мұндай орталықтарда бейімделген және инклюзивті спорт түрлеріне арналған арнайы залдар, бассейн, медициналық және физикалық оңалту бөлмелері, оқу және әлеуметтену аймақтары, тіпті қонақүй нөмірлері де болады.
Қазірдің өзінде Топ компаниялары атынан 19 спорт кешені жұмыс істеп тұр. Олар 700 мыңнан астам адамға спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қонаевтағы жаңа кешен жай ғана тағы бір ғимарат емес, халықтың денсаулығы мен белсенді өмір салтына салынған нақты инвестиция.
Қонаев қаласында көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба басталды. Кешенді даму жоспары аясында М.Әуезов көшесін күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







