Депутат Ермұрат Бапи қоғамға радикалды әрі ұлттық дәстүрге жат көзқарастарды тықпалап жүрген жалған имамдар мен псевдодіншілдерді өткір сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың пікірінше, жалған уағызшылар жастар арасында сауатсыздықты насихаттап, қоғамдық тұрақтылықты шайқап, мемлекеттің іргесін сөгіп отыр. Ол соңғы кездері елді дүрліктірген даулы оқиғаларды мысал ретінде атап өтті.
«Қоғамға, әсіресе жастарға жат догмалар мен радикалды ұғымдарды сіңіріп жүрген осы примитивті псевдодіншілдер ұлттық құндылықтарды мансұқтап, мемлекетіміздің негізін шайқалтуда», – деді Бәпи.
Оның айтуынша, мұндай топтардың өкілдері қазақтың дәстүрлі салт-дәстүрлерін ашық жоққа шығарып, оларды «харам» деп жариялап жүр.
«Әлгіндейлердің уағызына сенсек, Ораза айт пен Құрбан айттан басқа кез келген мейрам харам екен. Туған күн, шілдехана, тұсау кесу, беташар сияқты ғасырлар бойы сақталған дәстүрлерімізді де жоққа шығарып отыр. Олар біздің түркілік тамырымыздан бастау алатын мәдениетімізге мүлде төзімсіз», – деді депутат.
Қазақстанда не істеп жүрсіздер?
Парламент өкілі мұндай радикалды көзқарастар Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтарына түбегейлі қайшы келетінін айтып, «егер Қазақстанның ғасырлық дәстүрі сіздер үшін харам болса, онда бұл елде не істеп жүрсіздер? Неге өз көзқарасыңызға сай келетін жерге кетпейсіздер?» деген өткір сауал қойды.
Ол бұл жағдайды «ақпараттық терроризм» деп бағалап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әрекетсіздігін де қатаң сынға алды.
«Осындай резонансты оқиғалар кезінде діни қайраткерлер тарапынан нақты ұстаным мен белсенді іс-қимылды байқамадым. Мүфтият псевдодіншілдермен тікелей конфронтациядан қашатын секілді әсер қалдырады», – деді ол.
Осыған орай депутат мүфтиятты жұмысының тиімділігін қайта қарап, қоғамда өткір реакция тудырған мәселелерге белсенді түрде араласуға шақырды.
«ҚМДБ цифрлық кеңістікке шығып, қауіпті пропагандамен күресте қоғамды жалғыз қалдырмай, дер кезінде нақты жауап қатуы керек», – деді Ермұрат Бапи.
Айта кетелік, бұған дейін танымал продюсер Баян Алагөзова да дәл осы сарында сөйлеген-тұғын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







