Қазақстанда 2025-2026 жылғы жылыту маусымында тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу жұмысы күшейіп, ел бойынша өрт оқиғасы өткен маусыммен салыстырғанда 16 пайызға азайған. Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар тұратын 93 мыңнан астам үйді ерекше бақылауға алып, пештерді жөндеу, мұржаларды тазалау және өрт хабарлағыштарын орнату жұмысын жүргізіп жатыр. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Ertenmedia.kz сайтына үй қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылдық жерлердегі өрт сөндіру инфрақұрылымын дамыту және профилактиканы цифрландыру жөніндегі шаралар жайында аз-кем әңгімелеп берді. Енді соған назар аударсаңыздар.
– Мұрат Сейтмолдаұлы, өткен жылыту маусымында Қазақстанда өрт саны 16 пайызға азайғаны айтылды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге қандай шаралар әсер етті?
– Өрттің алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыс алғашқы нәтижесін беріп жатыр. 2025-2026 жылғы жылыту кезеңінде еліміздегі өрт саны алдыңғы маусыммен салыстырғанда 16 пайызға төмендеді. Өрт салдарынан қаза тапқандар 6, 4 пайызға, зардап шеккендер 26 пайызға азайды.
Дегенмен тіркелген өрттің жартысынан астамы тұрғын үй секторында, әсіресе жеке үйлерде болады. Негізгі себептер қатарында электр желілерінің ақауы, пешті пайдалану талаптарының бұзылуы және отқа абайсыз қараудан туындайды. Сондықтан алдын алу жұмысында қауіп деңгейі жоғары үйлерге ерекше көңіл бөліп отырмыз.
Қазір әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар тұратын 93 мыңнан астам үй арнайы есепке алынған. Мамандар сол үйлердің жылыту жүйесін, электр сымдарын және мұржаларын тексереді.
Тамыз айынан бері алты мыңнан астам мұржа тазартылып, үш мыңнан астам пеш пен электр жүйесі жөнделді. Сонымен бірге 13 мыңнан астам өрт хабарлағышы орнатылды. Біздің басты мақсатымыз өрт шыққаннан кейін оны сөндіру ғана емес, қайғылы оқиғаның алдын алу.
– Ауылдық жерлерде пешпен жылытылатын үйлер әлі де көп, ал кейбір шалғай елді мекенде өрт сөндіру бөлімшесі жоқ. Мұндай ауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Шалғай ауылдардағы өрт қауіпсіздігі министрліктің басым міндеттерінің бірі болып отыр. Қалада өрт сөндіру бөлімшесі жақын орналасса, кей ауылға құтқарушылардың жетуіне едәуір уақыт қажет болуы мүмкін.
Сондықтан өрт сөндіру инфрақұрылымын елді мекендерге барынша жақындатуға күш салып жатырмыз. Биыл республика бойынша 19 өрт сөндіру депосы салынды. Оның жетеуі өрт сөндіру және медициналық қызметті біріктіретін әмбебап нысан ретінде қарастырылған.
Сонымен қатар 160-тан астам арнайы техника мен қосымша құтқару жабдығын сатып алу жұмысы жүргізілуде. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілді. Қазір ел бойынша 312 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Олардың қызмет көрсету аумағында 978 елді мекен орналасқан. Бұл ауыл тұрғындарына төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді. Алайда өрт сөндіру қызметін дамытумен қатар, әр үйдегі пеш пен электр жабдығының қауіпсіздігіне де тұрақты көңіл бөлу қажет.
– Өрт қауіпсіздігі саласына «Тұмар 112» цифрлық жүйесі енгізілетіні хабарланды. Жаңа технология тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу жұмысын қалай өзгертеді?
– Қазіргі жағдайда профилактикалық жұмысты тек қағаз жүзіндегі есеппен жүргізу жеткіліксіз. Біз әрбір тексерудің нәтижесін нақты көріп, анықталған қауіптің жойылғанын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйеге көшуіміз керек. Осы мақсатта «Тұмар 112» мобильді қосымшасы әзірленді.
Бағдарлама тұрғын үй секторындағы профилактикалық тексерулерді электрондық форматта тіркеуге арналған. Мамандар анықталған кемшіліктерді фотосуретпен және геолокациялық дерекпен белгілей алады. Жиналған ақпарат негізінде өрт қаупі жоғары үйлердің бірыңғай деректер базасы қалыптастырылады. Бұл қай үйге қайта бару қажеттігін және қандай мәселенің шешілмегенін анықтауға көмектеседі.
Сонымен қатар жедел қызметтер өрт туралы хабарлама түскен кезде нысанға қатысты қажетті мәліметті пайдалана алады. Қазір жүйе Абай облысында пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Сынақ нәтижесіне қарай оны еліміздің басқа өңірлеріне енгізу жоспарланған. Цифрландырудың негізгі мақсаты – өрт қаупін ертерек анықтап, адамдардың өмірі мен мүлкін қорғаудың тиімділігін арттыру.
– Алдағы қыс айларында аяз күшейген кезде пеш пен электр жабдықтарына түсетін салмақ артады. Тұрғындар қандай қауіпсіздік талаптарын бірінші кезекте орындауы керек және министрлік қандай жұмыстарға басымдық береді?
– Жылыту маусымының ең қауіпті кезеңі әлі алда екенін естен шығармауымыз керек. Күн суытқан сайын тұрғындар пешті жиі жағып, электр жылытқыштарын көбірек пайдаланады. Сондықтан алдымен мұржаның тазалығын, пештің бүтіндігін және электр сымдарының жарамдылығын тексеру қажет.
Жанып тұрған пешті қараусыз қалдыруға және балаларға от жағуды тапсыруға болмайды. Ескі электр сымдары мен ақауы бар жылытқыштарды пайдалану да үлкен қауіп төндіреді. Елімізде ондаған жыл бойы қолданылып келе жатқан 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллонын ауыстыру мәселесі де қарастырылып жатыр.
Қазір Көкшетауда мұндай баллон шығаратын зауыт іске қосылды, ал болашақта Атырау мен Алматыда осындай өндіріс ашу жоспарланған. Министрлік халыққа түсіндіру жұмысын күшейтіп, мектептерде қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар мен практикалық жаттығулар өткізуді жалғастырады.
Әсіресе демалыс және мереке күндері өрттің алдын алу шараларына ерекше назар аударылады. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар өрт қаупі жоғары үйлерді бақылауды бәсеңдетпеуі тиіс. Өрт санының төмендеуі жақсы көрсеткіш болғанымен, ең маңызды нәтиже әр азаматтың өз үйінде қауіпсіз өмір сүруі.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







