Қазақстан жер қойнауын игеру саласында жаңа кезеңге қадам басты. «Geoscience & Exploration Central Asia» халықаралық форумы аясында өткен «Орталық Азияның көмірсутек ресурстары: дамуы мен сын-қатерлері» атты панельдік сессияда Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров саланың басым бағыттарын және инвесторларға арналған жаңа мүмкіндіктерді таныстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан жер қойнауын пайдалану секторында жоғары қарқын көрсетіп отыр. 2023 жылдан бері геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі шамамен 433 млрд теңгеге жеткен. Ал көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған қолданыстағы келісімшарттар саны 319-ға дейін өскен.
Ерлан Ақбаров Мемлекет басшысының геологиялық зерттелген аумақты 2026 жылға қарай 1,5 млн шаршы шақырымнан 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына арнайы тоқталды. Осы міндетті орындау үшін 2022-2025 жылдары заңнамаға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілген.
Соның ішінде «дәстүрлі емес көмірсутектер» ұғымы заңға енгізілді. Электрондық аукцион өткізу тәртібі жеңілдетілді. Сонымен қатар күрделі жобалар үшін фискалдық жеңілдіктер қарастыратын Жақсартылған модельдік келісімшарт әзірленді. Бұл қадамдар инвесторлар үшін тартымдылықты арттыруға бағытталған.
Жаңа шаралардың нақты әсері де бар. Енді инвесторлар аукциондық өтінімдегі қателерін түзете алады. Егер сейсмикалық зерттеу бұрғылаудың тиімсіз екенін көрсетсе, учаскені айыппұлсыз қайтаруға мүмкіндік берілген. Бұл әр кезеңде жер қойнауын пайдаланушыларға 300 мың АҚШ долларына дейін үнемдеуге жол ашады.
Саланы цифрландыру мен ашықтықты арттыру да негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Осы уақытқа дейін өткен 11 аукционның нәтижесінде 121 учаске бойынша жалпы көлемі 55 млрд теңгеге жететін инвестициялық міндеттеме қабылданған. Бұл аукциондық тетіктің нақты жұмыс істей бастағанын көрсетеді.
Вице-министр игеріліп жатқан кен орындарын қолдауға арналған жаңа салық тетігіне де тоқталды. Оның айтуынша, «Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық» режимі енгізіліп жатыр. Бұл тәсіл кен орнын пайдалану мерзімін 25 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге мемлекет стратегиялық бақылауды да күшейтіп отыр. Енді барлық ірі кен орындары бойынша ұлттық компанияның үлесі заң жүзінде кемінде 50 пайыз болып бекітілген. Яғни мемлекет саланың шешуші бағыттарында бақылауды сақтап қалмақ.
Соңғы екі жыл ішінде 35 мұнай кен орны өндіру кезеңіне өткен. Ал Рожковское, Оңтүстік Ақсай және Анабай жобаларында газ өндіру басталып кеткен. Бұл жобалар елдің энергетикалық әлеуетін арттыруға тікелей әсер етеді.
Контекст
Геологиялық барлауды жандандыруға да ерекше мән беріліп отыр. Осыған байланысты «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске аз зерттелген аумақтарда жұмыс істеуге қатысты түзетулер енгізілген. Бұл өзгерістер инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жер қойнауын пайдалану құқығын алу рәсімін жеңілдетуге бағытталған.
Жақын уақытта Қазақстан аукционға жаңа перспективалы учаскелерді шығармақ. Бұл елдің ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған қадамдардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Энергетика министрлігі ашықтық саясатын жалғастыратынын мәлімдеді. Ведомство аймақтағы жер қойнауын жоғары технологиямен барлап, игеруге дайын халықаралық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.
Айтқандай, Қазақстан нарығындағы басты импорттаушы елдер қатарында Ресей қайтадан бірінші орынға шықты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







