Алматыдағы жеке клиниканың бірінде белгілі кәсіпкер, блогер Сәуле Базархан ота үстінде көз жұмды. Бір апта бұрын болған қайғылы жағдайдың егжей-тегжейі енді ғана ашылып, әлемжеліде дау-дамай өршіп тұр. Оқиғаны полиция тексеруге кірісті, Денсаумин де клиниканың қызметін мұқият бақылауға алды деп жазады Ertenmedia.kz.
15 мамыр күні марқұм дене сымбатын жақсарту мақсатында липосакция жасатуға барған. Отбасының айтуынша, Сәуленің денсаулығы дұрыс, көңіл-күйі де көтеріңкі болған. Операция қарапайым әрі қауіпсіз процедура деп қабылданған, жанына жақын туысы да еріп барған.
Алайда көп ұзамай күдік туындай бастаған. Марқұмның келіні Әлдия Үсінбекова дәрігерлердің тым ұзақ уақыт бойы хабарсыз қалғанын айтады:
«Басында ешқандай қауіп жоқтай көрінді. Сағаттап хабар болмаған соң қобалжи бастадық. Клиника қызметкерлері сұрағымызға жауап бермей, үн-түнсіз отырды. Қайғылы хабар кешкі сегізден кейін жетті. Клиника мамандары бес сағат бойы жұмған аузын ашпады».
Марқұмның ағасы Болатхан Ермаханов оқиғадан кейін әлі күнге есін жия алмай отыр. Дәрігерлердің «ота үстінде жүрегі тоқтап қалды» деген уәжіне сенгісі жоқ.
«Қарындасым ешқашан денсаулығына шағым айтпаған, әулетімізде жүрек ауруымен ауырған жан болған емес. Тексеру нәтижесін күтіп отырмыз. Бәрі шым-шытырық, мидай араласып кетті», — дейді ол.
Жаңа операция жасауға дайынбыз…
Оқиғадан кейін марқұмның туыстары дәрігерлермен клиент ретінде сөйлесуге тырысқан. Клиника өкілдері жаңа операция жасауға дайын екенін айтып, түк болмағандай кейіп таныпты. Ал журналистердің сұрағына жауап қатпай, желідешгі парақшасында шолақ мәлімдемемен шектелген. Өлімнің себебін де, туыстарының айыптауына қатысты да ешбір жауап бермеген.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек қазіргі уақытта Бостандық аудандық полиция басқармасы тарапынан тергеу амалы жүріп жатқанын мәлімдеді. Министрлік болса клиниканың құжатын, мамандардың біліктілігін және мекеменің жалпы талаптарға сәйкестігін тексеретінін хабарлады.
Клиниканың бұрынғы қызметкерінің әлемжеліде жариялаған жазбасы отқа май құя түсті. Онда операция кезінде анестезиологтың телефонмен ойын ойнап отыратыны, операция бөлмесіне СММ маманы мен мобилографтың еркін кіріп-шығатыны, санитарлық нормалардың бұзылғаны айтылған.
Заңгер Анна Чернованың пікірінше, еліміздегі жеке медициналық мекемелерді жіті бақылау керек.
«Клиниканың лицензиясы, дәрігерлердің біліктілігі, реанимациялық жабдықтардың болуы басты назарда болуы тиіс. Пациенттердің өмірі осындай қарапайым талаптардың сақталмауынан қиылып жатыр», — дейді ол.
Айта кетелік, бұған дейін Сәуле Базарханның қызы анасының өліміне қатысты тың мәлімдеме жасаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







