«Ғылым ордасында» француз және еуропалық мұра саласы сарапшыларымен B2B форматындағы халықаралық кездесуі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараны «Ғылым ордасы» РМК, Алматыдағы ЮНЕСКО Бюросы және Францияның DUALEST SAS компаниясы бірлесіп ұйымдастырды. Кездесуге «Ғылым ордасы» өкілдері, Алматыдағы ЮНЕСКО Бюросының мамандары, француз компанияларының делегациясы қатысты. Сондай-ақ Алматы қаласындағы музей, архив, кітапхана және ғылыми-мәдени ұйым қызметкерлері қатысты.
Француз делегациясы құрамында Bruynzell компаниясының президенті Alexandre Collot, Polymorph Design, Memorist, Agence Nathalie Carrière және DUALEST компанияларының өкілдері болды. Олар мәдени мұраны сақтау, архив қорларын қорғау, музей кеңістігін жаңғырту, реставрация және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу «Ғылым ордасы» РМК мен DUALEST SAS компаниясы арасында қол қойылған меморандум аясында өтті. Құжат архив қорларын сақтау, реставрациялау және цифрландыру, франко-қазақстандық ғылыми әрі мәдени ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларына француз және еуропалық сарапшыларды тарту бағыттарын қамтиды.
Мәдени мұраны реставрациялау мен цифрландыру
Халықаралық кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени мұра саласындағы кәсіби байланысты нығайту, бірлескен жобаларға жол ашу және музейтану, архив ісі, кітапхана қорларын сақтау бағытында тәжірибе алмасу.
Іс-шара барысында француз делегациясы «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы мен музейлерін аралап көрді. Қонақтарға ғылыми қорлардың сақталу жүйесі, музей экспозициялары және сирек басылымдар мен архив материалдарын қорғау бағытындағы жұмыс таныстырылды.

Кездесу аясында цифрландыру үдерістерін дамыту, музей, архив және кітапхана қорларын сақтау мен реставрациялау тәжірибесін жетілдіру, цифрлық архивтер мен деректер алмасу платформаларын құру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын іске асыру, мамандардың біліктілігін арттыру, халықаралық тағылымдама мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын дамытуға ерекше назар аударылды.
Мәдени мұраны сақтау бүгінгі таңда тек өткенді қорғау мәселесімен шектелмейді. Архив, кітапхана және музей қорларын цифрландыру – тарихи деректерді келесі ұрпаққа жоғалтпай жеткізудің, ғылыми айналымға енгізудің және халықаралық зерттеу кеңістігіне шығарудың маңызды тетігі.
Осы тұрғыдан алғанда, «Ғылым ордасында» өткен кездесу Қазақстанның мәдени-ғылыми мұрасын заманауи технологиялар арқылы сақтауға бағытталған маңызды кәсіби алаңға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







