Алматы облысының Бақбақты ауылында жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді. Салтанатты рәсімге ауыл тұрғындары жиналып, жаңа нысанның ашылуына куә болды. Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, жергілікті жұрттың қуанышына ортақтасты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа спорт кешені ауылына жанашыр азаматтардың жеке қаржысына салынған. Ғимараттың жалпы аумағы 1007,05 шаршы метрді құрайды. Нысанда футбол, баскетбол және волейболға арналған әмбебап алаң, жекпе-жек түрлерімен айналысуға арналған күрес залы, техникалық бөлмелер бар. Сонымен қатар ашық аспан астындағы заманауи жаттығу алаңы да қарастырылған. Кешен бір мезетте 250-ге жуық спортшыны қабылдай алады.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа спорт нысаны ауыл жастарына тың мүмкіндік ашатынын айтты. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына және ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын кеңейтуге ерекше мән беріп келеді.
«Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Бүгін ашылып отырған спорт кешені осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі», деді аймақ басшысы.

Марат Сұлтанғазиев Балқаш ауданынан ел намысын қорғап жүрген талай дарынды спортшы шыққанын атап өтті. Ол Бақбақты ауылындағы жаңа кешен алдағы уақытта жаңа чемпиондарды тәрбиелеп, жастардың биік белестерді бағындыруына жол ашады деген сенім білдірді.
Сондай-ақ облыс әкімі құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтаған «Bereket-ТК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымына және осы іске үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.
Ауыл жастары жаңа спорт кешені жыл бойы үздіксіз жаттығуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Тұрғындар да заманауи спорт нысанының ашылуы жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, ауылда салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін беретінін айтты.
Бақбақтыдағы жаңа кешен ауылдағы спорт инфрақұрылымын күшейтіп қана қоймай, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және кәсіби спортқа алғашқы қадам жасауына жағдай жасайтын маңызды нысанға айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







