Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың ісіне қатысты үкім шығарды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оған ірі көлемде алаяқтық жасады және пара алды деген айып тағылған болатын. Мемлекеттік айыптаушы 31 наурыз күні өткен жарыссөзде сотталушыға алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
3 сәуірде сот Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, оны алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұған қоса, сотталушының мүлкі (Toyota Camry автокөлігі) тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Сот айыпталушыға айыппұл түріндегі балама жаза тағайындауға негіз таппаған. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ. Еске сала кетсек, Жақсылық Омарға қатысты екі бап бойынша айып тағылған еді: «Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаның ірі көлемде алаяқтық жасауы» және «Лауазымды тұлғаның ірі көлемде пара алуы».
Прокурор сот отырысында екі эпизод бойынша айыптау актісін оқыған болатын. Бірінші эпизод оның Өскемен қаласының әкімі болып тұрған кезіне қатысты.
Тергеу дерегінше, жәбірленуші азамат өтініш білдіріп, қаладағы кәсіпорыннан материалдық көмек ретінде Toyota Camry 75 (2021 жылғы) автокөлігін алған. Кейін ол көлікті әкімдік ғимаратына жеткізіп, кілтін тапсырған соң, қайта көрмеген.
Аталған көлік басқа тұлғаға рәсімделіп, кейінірек trade-in бағдарламасы бойынша жаңа модельге ауыстырылған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл жаңа автокөлікті Жақсылық Омар пайдаланған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 13 миллион теңгеге бағаланды. Алайда сот отырысында жәбірленуші шығын өтелгенін айтып, сотталушыға талабы жоқ екенін жеткізген.
Екінші эпизод биыл ақпан айында болған. Іс материалдарына сүйенсек, Жақсылық Омар әкімдік қызметкерінен 20 миллион теңге әкелуін сұраған. Сотталушының өзі мұны «талап емес, өтініш түрінде айтты» деп түсіндіргенімен, айыптау тарапы оны жалпы қамқорлық жасау үшін алынған пара деп бағалаған.
Әкімдік қызметкері бұл әрекеттің заңсыз екенін түсініп, ҰҚК-ге жүгінген. Арнайы қызмет бақылауымен ол Омармен қайта кездесіп, соманы бөліп төлеуді ұсынған. Сол күні делдал арқылы айыпталушыға 6 миллион теңге қолма-қол берілген.
Сот отырысында Жақсылық Омар өз кінәсін толық мойындап, шынайы өкінетінін мәлімдеді. Соңғы сөзінде ол бас бостандығынан айырмай, айыппұл тағайындауды сұраған.
– Менде бәрін ойлануға уақыт жеткілікті болды. Ешнәрсені қайтара алмайтынымды түсінудің өзі ауыр. Мемлекетке масыл болғым келмейді, керісінше пайдамды тигізсем деймін. Қарыздансам да айыппұлды төлеуге дайынмын. Сіздерден түсіністікпен қарауды сұраймын, – деді Жақсылық Омар соттағы соңғы сөзінде.
Контекст
Айта кетейік, биыл 13 ақпанда Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде ШҚО әкімдігі бұл туралы мәліметтері жоқ екенін, әкім орынбасарының денсаулығына байланысты еңбек демалысына шыққанын мәлімдеген.
Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2018 жылы Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпаратты растап, шенеунікке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







