«Бүгін балаларымның шотын ашып, Ұлттық қордан аударылған қаражатты көрдім. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлттық қордың табысы тікелей балаларымыздың атына түседі дегенге сенудің өзі қиын еді» дейді депуатат Асхат Аймағамбетов. Қазір банк қосымшасынан мұны көру қалыпты жағдайға айналған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл бағдарламаға бүгінде еліміз бойынша шамамен 7 миллиондай бала қатысып отыр. Ең бастысы шотқа түскен ақша бос жатпайды. Оған инвестициялық табыс қосылып, күннен-күнге артып келеді. Яғни күрделі пайыздың арқасында уақыттың өзі баланың келешегіне қызмет етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған әлеуметтік саясаттың жаңа бағыты да осы. Бұрынғы кезде мемлекет көмегі көбінесе күнделікті тұтыну шығындарын жабуға бағытталса, қазір негізгі басымдық адами капиталға, яғни болашақ ұрпаққа ұзақ мерзімді инвестиция құюға ауысты. Бүгін жұмсалып кететін ақша емес, керісінше баланың ертеңгі мүмкіндіктерінің іргетасы. Яғни бүгінгі тұтынудан ертеңгі жетістіктерге жасалған маңызды қадам.
Мемлекет басшысы нақты тапсырма берген болатын, еліміздің табиғи байлығы тек қазіргі бюджеттің жыртығын жамауға емес, тікелей болашақ ұрпақтың шотына аударылуы тиіс. Осылайша, әрбір бала ұлттық байлықтың шын мәніндегі иесіне айналды.
Бұл бағдарламаның тағы бір ерекшелігі қаржы отбасылық табысқа немесе әлеуметтік жағдайға қарамай, еліміздегі әрбір балаға беріледі. Демек, бұл қоғамдағы әділеттіліктің көрінісі, барлық балаға тең бастапқы мүмкіндік әрі мемлекет пен халық арасындағы үлкен сенімнің белгісі.
Жақында MNU университетінде өткен халықаралық симпозиумда Вашингтон университетінің профессорлары Майкл Шерраден мен Ли Зоу «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жоғары бағалады. Олар Ұлттық қор табысының тең жартысы тікелей балаларға аударылатын бұл жобаны әлемдегі тұңғыш бірегей тәжірибе ретінде атады. Сонымен қатар, бұл қысқа мерзімді көмек саясаты емес, стратегиялық инвестицияларға көшу үлгісі деп атап өтті.
Технологиялар мен мамандықтардың өзгеру қарқыны көз ілестірмейтін қазіргі заманда дәл осындай шешімдер қоғамдағы жаңа әлеуметтік келісімнің берік негізін қалауға септігін тигізеді, деп қорытындылады Асхат Аймағамбетов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







