Оқу-ағарту министрлігі балабақшаларды лицензиялау енгізілгеннен кейін жеке меншік мекемелердің жаппай жабылуы мүмкін деген күдікке қатысты түсініктеме берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2027 жылдан бастап елдегі барлық балабақшалар меншік түріне қарамастан лицензия алуға міндетті болады. Лицензиялаудың негізгі талабы ғимараттың жай-күйі, педагогтардың кәсіби деңгейі, білім беру бағдарламалары, материалдық-техникалық база және инфрақұрылым талаптарына сәйкестігі.
Министрлік ақпаратына сәйкес, Қазақстанда қазіргі таңда 11 909 балабақша жұмыс істейді, оның 6 526-сы жеке меншік. Ведомство жеке меншік балабақшалардың басым бөлігі лицензиялаудың жаңа талаптарына сәйкес келетінін атап өтті.
«Қазірдің өзінде жеке меншік балабақшалардың 96 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысын орындап отыр. Бұл олардың басым көпшілігінің белгіленген талаптарға сай екенін көрсетеді», – деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Министрлік лицензиялау талаптары мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру ережелері негізінде әзірленгенін атап өтті.
«Лицензиялау аясындағы біліктілік талаптары қазіргі мемлекеттік білім беру тапсырысы талаптарына сәйкестендірілген», – делінген ресми хабарламада.
Балабақшалар жабыла ма?
Министрліктің ресми жауабына қарағанда, жеке меншік балабақшалардың жаппай жабылуы туралы болжамдар шындыққа жанаспайды.
«Жеке меншік балабақшалардың 96 пайызы мемлекеттік тапсырыс талаптарына сәйкес болғандықтан, олардың тең жартысы жабылады деген болжам шындыққа жанаспайды. Статистикалық деректер мұны растамайды», – деп түсіндірді министрлік мамандары. Дегенмен, жаңа талаптарға сәйкес келмейтін бірқатар мекемелердің ғана тәуекел аймағына түсуі мүмкін.
Лицензиялау кезең-кезеңімен жүргізіледі
Министрліктің хабарлауынша, лицензиялауға көшу балабақшалардың дайындық деңгейіне қарай біртіндеп жүзеге асады. Балабақшалар санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларына, терроризмге қарсы қорғалу талаптарына сай болып, ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасауы тиіс. Сондай-ақ қажетті материалдық-техникалық базамен және кәсіби кадрлармен қамтамасыз етілуі керек.
Балабақша жабылған жағдайда балалар қайда барады?
Министрлік өкілдері жекеменшік балабақша жабылған жағдайда балалардың басқа мекемелерге ауыстырылуы туралы мәселені жергілікті әкімдіктер шешетінін мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, мемлекет мектепке дейінгі білім беру жүйесін мемлекеттік тапсырыс арқылы және әлеуметтік қолдау шаралары арқылы қаржыландыруды жалғастырады, әсіресе әлеуметтік әлсіз топтардан шыққан балаларды қолдау шаралары күшейтіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







