Төтенше жағдай кезінде халықты қорғауға арналған жерасты ғимараттарын жабдықтаудың жаңа мемлекеттік стандарты күшіне енді. «СТ РК 4016-2025» стандарты бойынша енді жертөлелер, паркингтер, метро станциялары мен басқа да жерасты нысандары арнайы паналау орны ретінде жабдықталады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құжат Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырысы бойынша «ҚазСтандарт» ұйымымен Ұлттық стандарттау жоспары аясында әзірленген. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.
Жаңа стандарт бойынша жертөле, цокольдық қабаттар, жерасты автотұрақтары, метро станциялары мен өткелдерді азаматтық қорғаныс нысаны ретінде пайдалану талаптары нақты айқындалып, заңнамалық олқылықтардың орны толтырылды.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің хабарлауынша, жаңа құжатта ғимараттарды арнайы паналау орнына айналдыру бойынша нақты талаптар бекітілген. Атап айтқанда, ғимараттарды тексеру тәртібі мен бейімдеу шаралары, конструкциялары мен ішкі жоспарлануы, тіршілікті қамтамасыз ететін жүйелері толық қамтылған.
Жаңа стандартта мына талаптар белгіленген:
- үй-жайлардың құрылысы мен жоспарлануына;
- желдету жүйелеріне;
- су және электрмен қамтамасыз етуге;
- байланыс құралдарына;
- санитарлық жағдайға қойылатын талаптар.
Ғимараттардың техникалық жағдайы міндетті түрде бағалануы тиіс, оның ішінде тіреуіш конструкциялар мен инженерлік жүйелер тексеріледі. Қажет болған жағдайда конструкцияларды нығайтып, қосымша жабдықтау шаралары жүргізіледі. Құжатта сондай-ақ үлгілік шешімдер мен паналау орындарының жарамдылығын бағалауға арналған арнайы кестелер де енгізілген.
Жобаны келісу кезінде…
Мемлекеттік органдардың, салалық комитеттердің, ғылыми ұйымдар мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары ескерілді. Климаттық, географиялық және сейсмикалық ерекшеліктерге ерекше назар аударылып, қосымша қауіпсіздік шаралары, соның ішінде дрондардан қорғау және ғимараттарға автоматтандырылған кіру жүйелері енгізілді.
Министрлік өкілдері жертөле, метро мен жерасты өткелдерін төтенше жағдайлар кезінде паналау орны ретінде пайдалану әлемдік тәжірибеде кеңінен тарағанын атап өтті. Жаңа стандарт халықты қорғаудың бірыңғай жүйесін қалыптастырып, төтенше жағдайлардағы қауіпсіздік деңгейін арттырады деп күтілуде.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы метросында арнайы сейсмикалық станциялар орнатылған болатын. Бұл құрылғылар 0,05g деңгейіндегі жер сілкіністерін тіркеп, метроны жобалауда нақты сейсмикалық жағдайларды ескеруге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







